Ақмола облысы. Бір баланы мектепке дайындауға қанша қаржы керек?

Жаңа оқу жылы басталатын күн жақындаған сайын дайындық та қызу жүре бастады, деп хабарлайды Ақмола облысындаға BAQ.KZ тілшісі. 

Қажетті киім-кешектер мен оқу құралдарын қай жерден сатып аламын десеңіз де таңдау өзіңізде. Алайда жыл сайын қымбаттап жатқан оқу құралдарының бағасын ата-аналардың қалтасы көтере ала ма? Бір бала мектепке дайын болып бару үшін қанша қаржы қажет? Бұл сұрақтардың жауабын табу үшін  Көкшетау қаласындағы халық ең көп баратын мектеп жәрмеңкесіне, Орталық базар мен балаларға арналған киім-кешек сататын дүкенге бас сұғып, сатушылардан бағаларын біліп қайттық. 

Алдымен мектеп формасынан бастайық. Көкшетаудың орталық базарында ақ көйлектің арзаны 5500-ге бағаланса, сапасы жақсылары 10000 теңге. Шалбар 8000 мен 13000 теңге арасы. Ал белдемше (юбка) 5500 теңге, жемпір 10000 теңге, ұлдарға үшеулік костюм-шалбар 20000 теңге тұрады. Бантиктің 2 данасы – 1000 теңге, шұлық – 400 теңгеден. Туфлидің бағасына келер болсақ, қыздарға 13000-нан, ұлдарға 12000 теңгеден сатылып жатыр. Сонда ең арзан мектеп формасын алған күннің өзінде бір бала үшін кем дегенде 35000 теңге кетеді. Бұл базардағы баға. 

Ал енді сапасы жақсы киім дүкендерімен салыстыратын болсақ, мектеп формасы анағұрлым қымбатқа шығады. Мәселен ол жерлерде ақ көйлек 17990 теңгеден, белдемше (юбка) 25990 теңге, шалбар 20990 теңге, ұлдарға арналған екеулік костюм-шалбар 46990 теңге, бір бантиктің өзі 1090 теңгеден басталады. 

Балаларға қажет киім-кешектен бөлек, мектеп жәрмеңкесінен оқу құралдарының бағаларын анықтадық. 12 беттік дәптер 20-37 теңге, қалың 24 беттік дәптер – 180-350 теңге, күнделік – 800 теңге, желім – 350 теңге, өшіргіш – 300 теңге, ұштағыш – 200-400 теңге, қарындаш – 50-150 теңге, қалам – 50-300 теңге, 4 түрлі-түсті қалам – 800 теңге, сазбалшықтың 6 данасы – 700 теңге, сызғыш – 150-ден, рюкзак – 4500 теңгеден басталады.

Көрсетілген соммаға сәйкес, ата-ана оқушыға ең қажет деген заттар мен сөмкені алатын болса, кем дегенде 10000 теңгеге жетіп жығылады. Ал сапалы оқу құралдарын алғысы келсе, бір балаға қаншама мың қаржы кететінін жобалай беріңіз. 

Сатушылардың айтуынша, тауарлар жылдағыдан қымбат бағамен келген. Десе де базар болғандықтан алушылар үшін жеңілдік жасай алады. Мұның өзі ата-аналарға аз да болсын көмек болары сөзсіз.

Біз тұрғындарға әрбір тауардан 50 теңдеген жеңілдік жасап бере аламыз. Қатып қалған баға жоқ. Әрбір алушының жағдайына да қараймыз, – дейді мектеп жәрмеңкесінің сатушысы Алма Омарова. 

Осы орайда балаларын мектепке даярлау үшін қанша қаражат жұмсайтынын білу үшін базар жағалап жүрген ата-аналармен де тілдестік.

«Менің 4 балам бар, көпбалалы отбасына жатамыз. Биыл мектепке тұңғышымызды дайындап жатырмыз. Баға қымбат. Сапалы, жақсы киім алуға көп ақша кетеді екен», – деді көкшетаулық Ербол Аманов. 

Менің үш балам мектепке барады. Олардың әрқайысының киімін жаңарту керек. Бір жазда аяқтары да, бойлары да өсіп кетті. Сондықтан арзан бағамен киім іздеп жүрмін. Бірақ арзанның өзі сапасыз болса, төленген ақшаң далаға кетті дей бер. Жаз бойы жидек теріп, балалар өздеріне біраз қаржы жинап алды. Соның өзінде бұл жеткіліксіз. Қолда бар малды да сатып, балаларды ешкімнен кем қылмау үшін барымызды салып жатырмыз. Әркім көрпесіне қарай көсіледі ғой, –дейді базар аралап жүрген Сәуле Иманбаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Tengrinews.kz
Өзгелердің жаңалығы