Ақмола облысы әкімінің орынбасары тағайындалды
Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Ақмола облысы әкімінің өкімімен Ернар Жаркешов Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ернар Серікбайұлы Жаркешовтің төрт жоғары білімі бар, АҚШ-тағы Гарвард университетін, Дж. Кеннеди атындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебін «мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесіне, Сингапур Ұлттық Университеті Ли Куан Ю атындағы Жоғары мемлекеттік саясат мектебін «мемлекеттік саясат» мамандығы бойынша магистр дәрежесіне, Ұлыбританиядағы Бирмингем Университетін «мемлекеттік саясат, үкімет және менеджмент» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесіне (үздік диплом first class honours) (Болашақ стипендиясы бойынша) және Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «қаржы» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесіне оқып, тәмәмдаған.
Еңбек жолын ҚР Президент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-кадр жұмысы бөлімінде тағылымгер ретінде бастаған. Сингапур Ұлттық Университеті Ли Куан Ю атындағы Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде ассистент-зерттеуші болып жұмысын жалғастырған.
2011-2017 жж. ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі құрылымдарында бас маман, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, директоры, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Қазақстандағы кеңсесінде жобалар портфелінің жетекшісі болып жұмыс істеген.
2017-2023 жж. Қазақстандық ірі жекеменшік консалтинг компаниясының бас директоры, Біріккен Араб Әмірліктерінде Whiteshield Partners халықаралық консалтинг компаниясының Еуразия елдері бойынша директоры және бизнесте басшы қызметтерін атқарған. ҚР, БАӘ және ТМД елдерінде экономикалық және инвестициялық саясат, Мемлекеттік басқару және Мемлекеттік қызмет («А» корпусын құруды, әкімдіктердің ұйымдық-функционалдық трансформацияларын, мемлекеттік акселераторларды, ҚР Үкіметінің Ұлттық Жобалау кеңсесін және т.б. қоса алғанда) саласындағы реформаларды іске асыруға қатысты.
2024 жылғы ақпаннан бастап - ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі (штаттан тыс).