12 Тамыз 2026, 16:21 Фото: Қорғаныс министрлігі

Ақмола гарнизонында жауынгерлік әзірлік тексерілді: Әскерилерге қандай міндет қойылды?

Жаңа бөлімшелердің дайындығы мен әскери қызметшілердің үйлесімді әрекетіне ерекше назар аударылды. Тексеру қорытындысы бойынша міндеттер қойылды.

Ақмола өңірлік гарнизонына қарасты 68665 әскери бөлімін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров тексерді.

Қорғаныс министрінің мәліметінше, ол әскери бөлімде қызметті ұйымдастыру барысымен танысып, жеке құрамның дайындық деңгейін, қару-жарақ пен әскери техниканың, сондай-ақ әскери киім-кешек пен жабдықтардың жай-күйін тексерді. Сонымен қатар қызметтік құжаттаманың жүргізілуіне назар аударды.

Әсіресе жаңа бөлімшелердің жауынгерлік әзірлік деңгейіне, олардың жасақталуына, әскери қызметшілердің іс-қимыл үйлесімділігіне және қойылған міндеттерді жедел орындау қабілетіне ерекше көңіл бөлінді.

Тексеру барысында жеке құрамның дайындық деңгейі, қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйі, сондай-ақ қызметті ұйымдастыру барысы бағаланды. Әскери қызметшілердің жақсы дайындықтан өтіп, үйлесімді әрекет етуі және қойылған міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындауға дайын болуы маңызды, – деді генерал-лейтенант Қуаныш Әбубәкіров.

Тексеру қорытындысы бойынша Бас штаб бастығы әскери бөлімнің басшылығына жеке құрамның даярлығын одан әрі жетілдіру, қару-жарақ пен әскери техниканы тұрақты жауынгерлік әзірлікте ұстау, сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстарын аяқтау бойынша басым міндеттерді белгіледі.