Бүгiн 2026, 14:48 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Ақмарал Әлназарова: Жамбыл облысында 96 ем-шара кабинетінің қызметі тоқтатылды

Жамбыл облысында лицензиясыз жұмыс істеген ем-шара кабинеттері жабылды.

Соңғы екі жылдың ішінде Жамбыл облысындағы денсаулық сақтау нысандарында бақылау іс-шаралары айтарлықтай күшейтілді, деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірдің медицина қауымдастығымен өткен кездесуде.

Осылайша, тексерулер нәтижесінде 96 ем-шара кабинеті қызметін тоқтатты, олардың 56-сы лицензиясыз жұмыс істеген. Сондай-ақ 135 стоматологиялық клиникаға тексеру жүргізілді, - дейді министр. 

Сонымен қатар, ведомство басшысының айтуынша, халықтан келіп түсетін өтініштердің саны артып отыр, олардың негізгі бөлігі медициналық ұйымдардағы медициналық көмектің сапасы мен ұйымдастырылуына қатысты шағымдарды қамтиды.

Медицина қауымдастығына жүгінген Денсаулық сақтау министрі медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының онкологиялық ауруларды ерте анықтау бойынша жұмысын күшейтуді, онкологиялық қырағылыққа тұрақты мониторинг жүргізуді және туберкулездің алдын алуға ерекше назар аударуды тапсырды.

Диагностикалық зерттеулердің сапасы мен қолжетімділігіне айрықша көңіл бөлу жүктелді.

Атап айтқанда, өңірде колоноскопиялық зерттеулердің сапасын арттыру, колоректальдық обырды ерте анықтау үшін гемокульт-тесттерді кеңінен қолдану, ПАП-тесттер мен маммографиялық зерттеулердің сапасын арттыру қажет.

Тапсырмалардың жеке блогы туберкулездің алдын алуға қатысты болды.

Оның ішінде туберкулезбен ауыратын науқастармен байланыста болған балаларды профилактикалық емдеумен 100 пайыз қамту және халықтың арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеті қойылды.

Министр денсаулық сақтау жүйесінің негізгі міндеті тек инфрақұрылымды дамыту ғана емес, сонымен қатар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, әсіресе медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін министр ерте жастағы балаларды бақылау қайтадан педиатрларға жүктелетінін айтты