Ақмарал Әлназарова Конституцияға енгізілетін түзетулерді студенттерімен талқылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова елордалық медицина университетінің студенттерімен және ұжымымен кездесті деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенатор кездесуге қатысушыларға Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы айтып, алдағы референдумды өткізу мәселелерін талқылады.
Конституцияға енгізу көзделіп отырған өзгерістер Қазақстанда тарихи оқиға және еліміз азаматтарының көп жылғы талаптары болып отыр. Осыған байланысты халықтың мемлекетті басқаруға тікелей қатысуына әкелетін өзгерістер өте көп, - деді Ақмарал Әлназарова.
Ол сонымен қатар медициналық сала қызметкерлері мен студент жастардың референдумға белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтіп, жүргізіліп жатқан Конституциялық реформада көтерілген мәселелердің зор ауқымына қатысушылардың назарын аударды.
Университет студенттері мен оқытушылары өз кезегінде республикалық референдумға қатысуға дайын екендіктерін білдіріп, Конституцияға енгізілетін түзетулерді қолдайтындарын айтты.