Ақкенженов: Авиаотын бағасы 890 долларға дейін төмендетіледі

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, Қауіпсіздік кеңесінің қорытындысы бойынша еліміздің гидроэнергетикалық ресурстарын зерттеу және карта жасау жұмыстары басталды. Бұл ауқымды жобаның негізгі мақсаты – елдің гидроэнергетикалық әлеуетінің бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу және оны ұлттық деңгейдегі цифрлық платформаға интеграциялау.

Жаңа платформа гидрологиялық, жер бедері, инфрақұрылымдық және құқықтық деректерді біріктіріп, оңтайлы жобалық шешімдерді қалыптастыруға, болашақ станциялардың параметрлерін есептеуге және жобалауға дейінгі дайындық мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар құрылтайда авиаотын бағасының көрші елдердегі әуежайлармен салыстырғанда тым қымбат әрі бәсекеге қабілетсіз екені айтылды. Президенттің тапсырмасы бойынша авиахабтар үшін авиаотын бағасы тоннасына 1200-ден 940 долларға дейін төмендетіліп, кейіннен 890 долларға дейін төмендеуі жоспарланған, - деп айтты министр.

Бұл шара отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, «Air Atlanta», «Hungary Airlines», «One Air» сияқты халықаралық авиакомпаниялардың рейстер санын көбейтуге мүмкіндік береді. Министрлік бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді.

Еске салсақ, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ведомство Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын іске асыруға кірісіп жатқанын айтты. Министрдің айтуынша, Энергетика министрлігі "таза көмір" жобаларын іске асыруға кірісті. Сонымен қатар, министр Қазақстан газ өндірісін арттыру үшін 50 учаскені аукционға шығаратынын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы