«Ақкенттегі» жөндеу жұмыстары екі айға созылады
Алматыдағы «Ақкент» ықшамауданында жағдай тұрақталды. 25 қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстары аяқталып, тұрғындар өз үйлеріне қайта оралады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбаев «Ақкент» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен кездесті. Жөндеу жұмыстарының екі айға созылатын атап өтті.
Аудан әкімдігі жағдайды жіті қадағалауға алады. Тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары, қауіпсіздік шаралары екі айдың ішінде атқарылады. Біз жауапты мамандармен ақылдасып, осы уақыт аралығында жұмыс толығымен аяқталатынына сенімдіміз. Екі ай тұрғындардың жалдамалы пәтеріне мемлекет қаржы төлейді. 25 қыркүйекке дейін тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып, жағдай қайта қалпына келеді. Азаматтардың мүлкінің қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері кезекшілік етеді. Ертең, яғни 3 тамыздан бастап, өз үйлеріңіздің құжаттарын әкімдікке өткізіңіздер. Қаза болған азаматшаның отбасына, жақындарына көмек көрсетіледі. Ауруханада емделіп жатқан тұрғындардың жағдайы жіті бақылауда, - дейді Алатау ауданының әкімі Азамат Бескемпірұлы.
Кездесу барысында тұрғындар әкімге көкейде жүрген сұрақтарын қойды. «Ақкент» ықшамауданының 48,50 үйлерінде тұратын азаматтар қауіпсіздік шараларын жүргізулерін өтінді.
Мен «Ақкент» ықшамауданында, 48 үйде тұрамын. Күні кешегі жағдай бізде қайталанбасына кім кепіл? Мен бұл тұрғын үй кешеніне сеніміздікпен қараймын. Сол себепті тексеріс жүргізілуін талап етемін, - деді тұрғын.
Аудан әкімі тұрғын үйлердің қауіпсіздігін ТЖД қызметкерлері жіті қадағалауға алатынын ескертті.
Тұрғын үй кешендерінің қауіпсіздік шараларына ТЖД жауап береді. Алдағы уақытта барлық үйлерге тексеріс жүргізіледі. Алаңдаушылық танытуыңыз орынды. Біз де мұндай жағдайдың қайталанбағанын қалаймыз, - дейді Азамат Қалдыбаев.
Өрттен зардап шеккен үйдің тұрғындары үшін жақын маңдағы кафеде тамақтану және N178 лицейдің аумағында зардап шеккен тұрғындар үшін түнеп шығатын орын қарастырылған. Онда Алматы қаласының құтқару қызметі арқылы 250 төсек-орын орналастырылды.