Ақиқат пен жалған. Ақпарат соғысы жайлы депутаттар не дейді?
Кеше ғана Бас прокуратура тек шынайы ақпаратқа сенуге шақырған болатын. Осыған орай Парламент депутаттары халықты тараған ақпараттың растығын тексеріп барып, тартуға үндеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақпараттандыру дәуірінде шынайы ақпаратты саралау және анықтау жөнінде өз ойын ортаға салған депутат Елдос Абақанов жалған ақпарат таратып, арандап қалмауға шақырды.
Қазіргі күні интернет желісінде "ақпараттық фейктің" құрбаны болу немесе анонимдер тарапынан кибербулингке ұшырау қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Көп жағдайда фейк ақпаратты тарататындырдың басты мақсаты қоғамдық пікірмен манипуляциялау немесе белгілі бір азаматтар басына жала жабу – дейді депутат.
Ол дезинформация немесе «Фейк жаңалықтар» термині 19 ғасырдан бастау алатынын, бірақ интернет пен әлеуметтік медиа дамуы жалған жаңалықтарды жасау мен тарату тәсілін өзгерткенін атап өтті.
Интернет пайда болғанға дейін жаңалықтарды тарататын журналистерден кәсіби этиканың қатаң стандарттарын сақтауы талап етілетін, сонымен қоса, ақпарат сенімді көздерге негізделетін. Интернеттің таралуымен жаңалықтар мен ақпаратты жариялаудың, бөлісудің және тұтынудың жаңа тәсілдері пайда болды, ал бақылау стандарттары мен редакциялық нормалар айтарлықтай төмендеді – деді дейді Елдос Абақанов.
Оның сөзіне қарағанда, көпшілік қазір жаңалықтарды әлеуметтік желілерден және басқа да желідегі ақпарат көздерінен оқиды.
Дегенмен, қай әңгіменің шындыққа жанасатынын анықтау оңай емес болды. Азаматтар шынайы жаңалықтар мен жалған жаңалықтарды ажырата алмаған кезде маңызды әлеуметтік және саяси мәселелерде шатасу мен түсінбеушілік туындайды. Адамдар арасында «оқығанның бәріне сене алмайсың» деген жалпы түсінік бар. Бұл маңызды жаңалықтар көздерінің жалпы сеніміне нұқсан келтіреді. Бірақ бір нәрсені ескеру керек, ұлттық алауыздықты қоздыруға, қорқытып ақша алуға, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған іс-әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174, 194 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады – деді ол.
Ал депутат Мәди Елубаев «жауапкершіліктен бас тартпас бұрын, оны тапсыратын біреуді табыңыз» - дейді.
Бұл сөзді жалған ақпарат тарататындардың барлығына айтқым келеді. Кейбір блогерлер әлеуметтік желілердегі танымалдылығын теріс мақсатта пайдаланады. Олардың арасында ұлтаралық араздықты қоздыру, бопсалау және т.б. бағытталған жазбалар бар. Қасақана жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламын. Арандатушылар өздерінің ақпаратының ақырғы нәтижесін ойламайды, олардың міндеті - елімізде дүрбелең мен хаос себу, әсіресе сайлау кезеңінде. Қорытындылай, баршаңызды тұрақсыз уақытта арандатушылардың сөздеріне сенбей, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамын – дейді депутат.
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл заман бұзылған сайын жер астынан жік шыққандай, түрлі кесапаттар қаптап бара жатқанына қапалы.
Сондай зұлматтың бірі жалған ақпараттар легі болып тұр. Сондықтан Бас прокуратура өз үндеуінде отандық ақпараттық кеңістікте және әртүрлі әлеуметтік медиада түрлі тақырыптар бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кеткенін ескертіп отыр. Алда зәлім күштер әрбір адамның санасы үшін алысатын болады. Сонда бір тудың астынан табылып, арамызға сына қақтырмай, алауыздыққа алдырмай, бірлігімізді сақтауымыз керек – дейді депутат.
Ол әлемде қоғамы бас біріктіре алмай, қойдың құмалағындай шашырап кеткен мемлекеттердің тағдыры қайғылы болғанын айтты.
Оның бетін аулақ қылсын. Азаматтары бір-бірін аңдысқаннан гөрі, бірігіп алға басқан елдер озды. Абай болайық, ағайын. Қоғам қалғымауы үшін пікірталас керек те. Бірақ ол текетіреске емес, парасаттылыққа бастаса, ақылмен астасса, ұлттық құндылықтармен қабысса, игі – деді Бақытбек Смағұл.
Бас прокуратураның үндеуіне үн қосқан депутаттың бірі - Берік Бекжанов. Ол да халықты шынайы ақпаратқа, нақты дәлел мен дәйекке сенуге шақырды.
Ақпараттық кеңістіктің ұлғаюы ашықтыққа, жариялыққа жол ашатыны белгілі. Дегенмен шынайы, әділ ақпаратпен қатар, өкінішке орай, дәлелсіз, дәйексіз ақпараттың қатар жүруі көңілге селкеу, санаға бөтен ой салатыны белгілі. Соңғы кездері еліміздің ақпарат кеңістіктігінде қауесеттер мен жалған ақпарат ағыны бұрынғыдан да артып келеді. Әлем кеңдігі ақпараттың алуандығымен де өлшенеді. Бүгінде қоғамда жанжал, үрей тудыру, жағдайды тұрақсыздандыруды көздеген қауесеттер мен жалған сөздер жиі таралып жатыр. Осындай алмағайып заманда біз тексерілмеген ақпараттан, әсіресе түсініксіз дереккөздерден эмоцияларға беріліп жазылған жазбаларды оқып, асығыс тұжырымдар жасап, оларды көпшілікке таратпауға, асығыс шешімдер мен әрекеттер жасамағанымыз абзал – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, ақпараттың шынайылығын, оның шындыққа жанасуын зерделеген жөн.
Өйткені ақпаратты жариялаған адам да, оны таратқан адам да тек қана заң алдында емес, қоғамның алдында да жауапты екенін ұмытпаған жөн. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар шынайы және жалған ақпараттың ара жігін, ақпараттық жауапкершілікті саналы түрде қабылдайды, себебі ақпаратқа ие адам – әлемге ие – дейді ол.
Депутат Әлия Әбсәметова «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген сөздің байыбына бара алмай жүргенімізге қынжылады.
Кейде осы сөздің байыбына бара алмай жатамыз. Бірақ расында солай. Кісінің сеніміне селкеу түсіру, одан қалса алдау жақсылыққа апармайды. Ал көпшілікті алдау тіптен жаман нәрсе. Ақпарат ағыны халықтың көзін ашатын да, адастыратын да үлкен құрал. Уысында ақпаратты ұстап отырғандардың мерейі қашан да «үстем» болғанын тарихтан білеміз. Дұрыс-ақ шығар. Бірақ жалған ақпарат таратып, болсын-болмасын елді дүрліктіріп жүргендерге жүген салу мүмкін болмай отыр – дейді депутат.
Оның айтуына қарағанда, желіде таралған жалған ақпараттан көз сүрінеді.
Бұған әлбетте азаматтар да, билік пен құзырлы органдар да кінәлі. Осындай толассыз ақпарат легінің ағынына ілесіп, халыққа дұрыс хабар жеткізу – әр құзырлы органның тікелей міндеті. Кез келген жалған ақпарат мүдделілердің қаруына айналып, халықты бұрыс жолға түсіруі мүмкін. Сол себепті құзырлы органдар сақ жүруі абзал. Соңғы күндері желіде таралып жатқан ақпараттардың барлығы да осы жауапты органдардың осалдығынан деуге әбден негіз бар. Мұндай ақпараттардың арты ұлттық алауыздыққа, ал зорғысы тіпті мемлекетімізге қауіп төндіруі мүмкін. Сол қадағалау өте қатаң болуға тиіс – дейді Әлия Әбсәметова.
Оның ойынша, шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратуды көбіне блогерлер жеке пайда табу және бопсалау арқылы материалдық табыс көру үшін жүзге асырады.
Депутат Жұлдыз Сүлейменова кей жағдайларда әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың жылдамдығынан оның шынайылығын сараптау қиын екенін айтады.
Бүгінде толассыз ақпарат тасқыны кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Сол ақпараттан шын ақпаратты тауып, соны ғана кәдеге жарату – өзекті. Сондықтан, ресми дереккөздер таратқан ақпаратқа ғана сену қажет. Әрине, кей жағдайларда әлеуметтік желілерде лезде тараған ақпараттың жылдамдығынан оның шынайылығын сараптау қиын-ақ – дейді депутат.
Ал мәжіліс депутаты Әмірхан Рақымжанов шынайы ақпарат пен жалған ақпараттың ара-жігін айыра білу маңызды екенін айтты.
Қазіргі әлем мен қоршаған орта ахуалында адамдардың көпшілігі алаңдаушылық пен белгілі бір белгісіздікті сезінеді. Мұны арандатушылар шебер қолданып, үрей туғызады, кей кездері әлеуметтік шиеленісті де тудырады. Сонымен қатар, түрлі айдап салумен, араздықты қоздыру және басқалары да жиі кездесуде. Аталған жағдайлар соңғы уақытта әлеуметтік желілерде анық байқалуда, бұл – кез келген адамды ньюсмейкерге, тіпті "сарапшыға" айналдыратындықтан олар заманауи Интернеттің ортасына айналған – дейді депутат.
Ол сол себепті де сенімді көзден түскен ақпарат пен жалған ақпаратты ажырата білу керек дейді.
Ақпаратты сыни қабылдап, фейк жаңалықтарды тани білу қажет. Арандатушылық пікірлерге, әсіресе ойдан құрастырылған оқиғалар мен тексерілмеген "деректерге" сенбеу керек. Ақпараттық соғыстар дәуірінде ең маңызды қаруымыз - медиасауаттылық. Сенімді көздер ретінде ресми интернет-ресурстарға сүйену керек – деді ол.