Ақбөкен мүйіздерін Қытайға сату жоспарда бар – Экология министрі
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Киік мүйізі – негізінен Қытай фармацевтикасында дәстүрлі түрде қолданылатын компоненттің бірі. Бірақ бүгінде біз ақбөкен мүйізін экспорттай алмай отырмыз. Өйткені CITES халықаралық ұйымы жануарлардың жекелеген түрлерінің, оның ішінде киіктердің бөліктері мен туындыларын экспорттауға тыйым салған, - деді министр.
Сондай-ақ Ерлан Нысанбаев осы тыйымды алуға байланысты халықаралық келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.
Қазір комитет төрағасының орынбасары осы мәселе бойынша Женевада CITES халықаралық ұйымының орталық кеңсесінде. Онда Жануарлар әлемі бойынша комитетте аталған сұрақ бойынша талқылаулар өтіп жатыр. Рұқсатты алу уақыты 2025 жылдың басы деп болжанып отыр, - деді министр.
Айта кетейік, CITES жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы конвенция. 1973 жылы Вашингтонда өткен Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) қарарының нәтижесінде қол қойылған халықаралық үкіметтік келісім. Ол 1975 жылы 1 шілдеде күшіне енді. Сондай-ақ «Жойылу қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы Конвенция» деп аталады.