Ақберен Елгезек: Қазақстан жаңа мемлекет құруға қадам басып келе жатқандай
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан жаңа мемлекет құруға қадам басып келе жатқандай. Демократия, адам құқықтары, еркіндік сынды бұрын тек сөзбен айтылған ұғымдар енді іс жүзінде орындалатынына үміт бар.
Бұл пікірді белгілі ақын, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек айтты.
Қазіргі жағдай – үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген, бұрын-соңды Қазақстанда болмаған оқиға. Мемлекет болсын, әскери құрылымдар болсын, абдырап қалды. Президент кешегі жолдауында айтқандай, бұл – ұзақ уақыт бойы жоспарланған, үлкен дайындықпен жасалған лаңкестік әрекет. Бұл мәселе Қауіпсіздік қызметінің, басқа да әскери құрылымдардың назарынан тыс қалмауы керек еді. Мүмкін оны білетіндер де болған шығар. Оны отанына опасыздық деп есептейміз. Зиялы қауым, көзі ашық азаматтардың, халықтың, бәріміздің бойымызда үрей бар. Алайда, осы бірнеше күнде үрейдің орнына үміт ұялауда. Қазақстан жаңа мемлекет құруға қадам басып келе жатқандай. Шындығында, демократия болсын, адам құқықтары, еркіндік сынды бұрын тек сөзбен айтылған ұғымдар енді іс жүзінде орындалатынына үміт бар. Оған Президентіміздің өзі уәде берді. Оның ішінде әлеуметтік-экономикалық жағдайды көтеруге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға да уәде етілді. Мемлекет басшысы үндеуде айтқан кезінде оны эмоциясынан да байқадық. Бұл жай ғана декларация емес екені түсінікті болды, – дейді ақын.
Сондай-ақ ол елімізде интернеттің бұғатталуына қатысты ойын білдіріп, ақын-жазушылармен бірігіп халыққа Үндеу жариялағанын да айтты.
Әлеуметтік желілерді, интернетті бұғаттау да біреудің құқығын шектеу үшін емес, Ұлттық қауіпсіздікті сақтау үшін. Сондықтан соның бәріне түсіністікпен қарауымыз керек. Сыртқа шықпай, жақындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз қажет. Сонда ғана біз жиналамыз. Себебі лаңкестермен күрес бойынша жұмысты өз ісінің мамандары жүргізуі керек. Осы жағдайдың бәрі аяқталғанда елімізді қайта сауықтырып, мүлдем басқа деңгейге шығуымыз керек. Ал кінәлілерге тергеу жүргізіліп, олар тиісті жазасын алуы керек. Қазақстан жазушылар одағының бастамасымен ақын-жазушылардың атынан Үндеу дайындадық. Оны Президентті қолдайтынымызды білдіріп, халықты сабырға шақыру мақсатында жаздық. Қазіргі таңда 30-ға жуық зиялы қауым өкілі қол қойып, қолдап отыр, – деді Ақберен Елгезек.
Ақын өз сөзінде мемлекет басшысын қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол елімізді қорғау жолында қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты.
Замандастарыммен, қатарластарыммен телефон арқылы сөйлесіп отырмын. Барлығының айтатын ойы – қазіргі таңда Президенттің айналасына топтасу керек. Ішкі жауымыз да, сыртқа жауымыз да бар екеніне көзіміз жетті. Сондықтан барлық құзыретті қолына алып отырған, заң жүзінде сайланған Мемлекет басшысының қасына топтасуымыз қажет деп айтып жатыр. Бұл пікірге мен де қосыламын. Өкінішке қарай, лаңкестердің артынан еріп кеткен қаракөздеріміз бар. Олар оққа да ұшып жатқанын көріп, жүрегіміз ауырады. Ақын ретінде лаңкестерге қарсы тұрып қайтыс болған өрімдей жастардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Олар біз үшін, Отан үшін жанын құрбан етті. Бұрын бұл сөзді толық сіңіріп айтпайтын едік. Қазір шынында да, Отан дегенді, тыныштық, бейбітшілік деген дүниені, болашақ, даму дегенді жан жүрегімізбен сезініп айтатын күнге жеттік. Бұл бәлкім құдайдың сынағы да шығар. Тәуелсіздігіміздің қадірін түсіне бастадық, соның бәріне алаңдап, жан жүрегімізбен түсініп отырмыз, – деп қорытындылады сөзін ол.