Енді ақылы жолда ақау болса, төлем тоқтатылады
Қазіргі кезде нормативке сай емес 15 учаске анықталды.
“ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы 2025 жылдың 29 қаңтарынан бастап енгізілгенін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда жалпы аумағы 1 миллион 100 мың шаршы метрді құрайтын, нормативтік талаптарға сай келмейтін автомобиль жолдарының 15 учаскесі анықталды. Аталған учаскелер бойынша биыл жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оларды нормативтік жағдайға келтіру жоспарланған, - деді компания төрағасы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Ол нормативтік талаптарға сәйкестендірілгеннен кейін бұл жол бөліктері қайтадан ақылы режимге қайтарылатынын айтты. Сонымен қатар, басқа учаскелердегі ақауларды анықтау жұмыстары жалғасады.
Қажет болған жағдайда мұндай учаскелер уақытша ақылы жүйеден шығарылуы мүмкін, - деді Иманашев.
Басқарма төрағасы кейбір жол бөліктерінде төлем құны төмендетілгенін жеткізді.
Мысалы, ұзындығы 163 шақырым болатын Қостанай – Троицк учаскесінде жүк көліктері үшін төлем 1800 теңгеге азайтылды. Бұған дейін олар осы сомаға артық төлейтін. Бұл жол екінші санатқа жататындықтан, жеңіл көліктерден ақы алынбайды. Сондай-ақ жүргізушілер тарапынан наразылық көп болған Қызылорда – Арал учаскесінде төлем құны 1200 теңгеге қысқартылды, - деді Дархан Иманашев.