Ақаң рухы алдында

Белгілі ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, алаштанушы Дихан Қамзабек Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай жазба жариялады.

Биылғы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы – ел руханиятына, Алаш тұлғаларына мемлекетшіл жаңаша көзқарастың басы секілді көрінеді. Бұл Ақаңды енді танып жатырмыз дегенді білдірмейді. Ұлт ұстазы тұжырымдамаларын мемлекеттің мүддесіне, рухани сұранымына жақындатып жатырмыз дегенді аңғартады. Таяуда ғана жария етілген ел басшысының «гуманитарлық ғылымға арналған Мемлекеттік сыйлық А.Байтұрсынұлы атын алатыны туралы» пәрмені, ұлт ұстазы мерейтойының халықаралық салтанаты қазан айында Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтетіні, Оқу-ағарту министрлігінің «мектеп жүйесінде Ақаң өсиетін басшылыққа аламыз» деген уәдесі, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «ғылыми жобаларды іріктеуде ахметтануға басымдылық беріледі» деген ұстанымы жоғарыдағы ойымызды растайды. Мұның сыртында экономикалық қиындыққа қарамай Қостанай – Торғай өңірінде А.Байтұрсынұлына қатысты тарихи, киелі орындардың қайта түлеуі, Астанада, Алматыда, т.б. қалаларда орнатылатын тұлғалы ескерткіші, барлық облыста жоспарланған ірілі-ұсақты мәдени шаралар елімізді ұятқа қалдырмайды деп үміттенеміз. Ақаң тойының ақыл-ой тойы болатынын айқындайтын шарт – жарияланатын мұралар (кітаптар) мен зерттеу еңбектері. Бұл ретте академиялық ғылымның қара шаңырақтары – Тіл білімі институты мен Әдебиет және өнер институты жинақтарын (көп томдықтары), Алматыдағы Ақаң музей-үйі мен Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» институты бірлесіп даярлаған 12 томдығы, аталған тұлға есімін иеленген Қостанай университеті ғалымдарының монографиялары ахметтануға олжа салуға тиісті. Осы жылы еліміздегі барлық дерлік БАҚ аянып қалмады. Әлеуметтік желінің де алашшыл үрдісін ерекше атап өткіміз келеді.

Ал, осы игіліктер осыған дейінгі ұлт ұстазы мерейтойларында неге жүзеге аспады? Мұны билік пен қоғам арасындағы күрделі һәм шетін үдерістерді терең байыптап қана түсіндіруге болады. Бұйырса, оның да уақыты келер. Ең бастысы, Алаштың мемлекеттілік негіздеріне деген ынтаның қайта жаңғырғаны. Біз үшін яғни алаштанушылар үшін Президент кітапханасы сөресінен ұлт зиялылары көп томдықтарының лайықты орын алғаны зор медет. Мемлекет басшысы елдік баяндамалары мен тезистерінің бірде-біреуінде Алашты айналып өтпейді. Оның бір үлгісі – Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдағы сөзі. Президент пайымында «Алаш – бүгінгі Қазақстан Республикасының іргетасы» деп бағаланғаны айқын. Алаш автономиясы - Қазақ кеңестік республикасы – тәуелсіз Қазақстан – жаңа Қазақстан – елдік сабақтастықтың арқауы. Бір ғасырдан астам уақытта қазақ халқы осындай қоғамдық-саяси трансформациядан өтті. Кәрі тарих мұны «Біз алыптардың иығында тұрмыз» («Standing on the shoulders of giants») деп түйіндейді. Сол алыптың бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлы.

Ғалым Мемлекет басшысының алдағы Қостанай – Торғайға жасайтын сапарының мән-маңызына да тоқтала кетті.

Бұйырса, Қасым-Жомарт Кемелұлы 5 қыркүйектегі Қостанай – Торғай сапарында Ақаңа және жалпы Алаш құндылығына бүгінгі һәм келер ұрпақ жаңылыспайтындай елдік баға беріп, президенттік пәтуа айтады деп сенеміз. Бұл – аса маңызды мемлекеттік іс. Рухани темірқазықты айқындау – ұлттың баянды жолының кепілі.

Большевизм тоталитаризмге ұласар алдында (1926) Ақаң Мәскеуде жариялаған «Жиырма үш жоқтау» жинағы арқылы ұлт азаттығын жоқтады. Ал, біз күні кешеге дейін А.Байтұрсынұлы мен Алашты жоқтау арқылы рухы әлсіреген елдігімізді, әділеттік пен ашықтықты жоқтап келдік. 

Сол Ақаң хаттаған мұра ішінде Қаз дауысты Қазыбекті қызы Қамқаның жоқтауы бар. Соның үзіндісін Ақаң рухына бағыштап айтуға пейілдіміз:

Босатып едің, жан әкем,

Тұтқында қазақ қалғанын.

Талап алған шабынды,

Қайырып алдың бар малын...

Батыр жинап, ел шашпай,

Қылыш шауып, оқ атпай,

Ақылыңменен жол тауып,

Қазақтың кегін алғаның.

Біз отаршыл патша өкіметі мен большевизмнің тән мен жан тұтқынында жүргенде тіл мен руханият арқылы азаттық әперген – Ақаң еді. Білім мен білік – жаңа заманның қаруы болғанда, алты миллион қазағын қаңғыртпай, тентіретпей оқу мен тоқуға ұйытқан, қазақ тілін ғылым тіліне айналдырған, ұлт шаруасын өркениет кәсібіне жалғаған да – Ақаң еді.

Біз мұны ұмытпақ емеспіз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы