«Ақ жол» Үкіметтің есебін қолдамайтынын мәлімдеді

«Ақ жол» фракциясы Үкіметтің есебін қолдамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Азат Перуашев фракция құжатқа қарсы дауыс беретінін айтты.

Үкімет есебінде бюджет кірістері артығымен орындалды деп отыр. Оның негізінде салық түсімдерінің 42%-ға және уақытша тартылған қаржының 13%-ға артуы жатыр. Өкінішке қарай, кәсіпкерлер бұл терминдердің астарында не жасырылғанын жақсы біледі, - деді депутат.

Айтуынша, 2022 жылы мемлекеттік кірістер органдары 20 мың салықтық тексеру жүргізді, бұл алдыңғы жылға қарағанда 24 пайызға артық.

Кәсіпкерлерге 677 млрд теңгеге қосымша салық салынды, бұл алдыңғы жылдан 2,5 есе артық. Банктерге түсетін салық салмағы - оларға бүкіл экономика, яғни, мемлекет, бизнес пен халық төлейтініне қарамастан, небәрі 2-ден 5-ақ процентке дейін құрайды. Пандемия кезінде де, экономика әлсіреген тұста, банктердің кірісі тек өскен болатын. Олардың бюджетке қосқан үлесі өнеркәсіптің, құрылыстың немесе көлік саласы үлесінен аз, тіпті кәсіби және ғылыми қызметтен де кем, - деп айтты Перуашев Мәжілісте.

Ол атап өткендей, мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны ішкі өнім өсімінен әлдеқайда жоғары. Осылайша, бір жылда мемлекеттік қарыз 18 пайызға өсті. Соңғы 10 жылда сыртқы қарыз 7 есе өсті. Қарызға байланысты шығындарының жүктемесі 9 есе өсті.

Сонымен қатар 2022 жылға арналған республикалық бюджет қабылданғаннан кейін соған 8 рет түзету енгізілген. Сонда да 162 млрд теңгеге 2 түзету орындалмай қалды, - дейді мәжілісмен.

Азат Перуашев Үкіметті қолдамаудың басқа да себептерін келтірді.

Еске сала кетейік, бүгін Мәжілісте Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр. Жиында Үкіметтің 2022 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов Архив
Өзгелердің жаңалығы