«Ақ жол» ШҚО банк қызметкерлерімен қарыз жүктемесі және салық мәселелерін талқылады
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева бастаған Республикалық штаб өкілдері Шығыс Қазақстан облысының банк саласы қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кездесу барысында азаматтардың қарыз жүктемесі, жеке тұлғалардың банкроттығы, несие беру мәселелері, сондай-ақ салық заңнамасындағы өзгерістер мен олардың кәсіпкерлерге әсері талқыланды.
Партия өкілдері азаматтардың банкроттығын заңнамалық тұрғыда реттеу мәселесін «Ақ жол» 2014 жылдан бері көтеріп келе жатқанын еске салды. 2023 жылғы наурызда Қазақстанда күрделі қаржылық жағдайға тап болған азаматтардың қарызын реттеу тетіктерін қарастыратын заң күшіне енді.
Кездесуде жаңа Салық кодексіне де ерекше назар аударылды. Партияның мәліметінше, құжатты қарау барысында 100-ден астам ұсыныс енгізілген. «Ақ жол» өкілдері ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеруге және салық төлеушілер үшін белгіленген шекті төмендетуге де қарсы болған.
Біз үшін жай ғана уәде беру емес, қандай бастамаларды Парламент арқылы өткізе алғанымызды көрсету маңызды. Алдағы мақсатымыз – салық жүктемесін азайту, қаржыландыруды қолжетімді ету және кәсіпкерлікті қорғау. Бұл жұмысты жаңа Құрылтайда жалғастырамыз, – деді Дания Еспаева.
Кездесу барысында банк қызметкерлері де халықтың төлем қабілеті, бизнестің қаржылық жағдайы және несие беру кезінде туындайтын мәселелер жөнінде пікірлерін ортаға салды.
Талқылау қорытындысында партия өкілдері қаржы саласы мамандарының ұсыныстарын қабылдады. Көтерілген мәселелер қарыз алушылардың құқықтарын қорғаумен қатар, кәсіпкерлікпен айналысу жағдайларына да қатысты болды.