"Ақ жол" Құрылтай сайлауына 63 кандидат ұсынды
Съезде сайлауалды бағдарлама қабылданып, Құрылтай депутаттығына ұсынылатын 63 кандидаттың тізімі бекітілді.
«Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауалды съезінде Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын партиялық кандидаттар тізімін бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Съезд жұмысына партия басшылығы, Саяси кеңес мүшелері, өңірлік партия конференцияларында сайланған 200-ден астам делегат, депутаттар, жастар қанатының өкілдері және кәсіпкерлік қауымдастық өкілдері қатысты.
«Өзгерістер қажет» сайлауалды бағдарламасын партия төрағасы Дания Еспаева таныстырды. Оның айтуынша, құжат партияның негізгі басымдықтарын айқындайды. Бағдарлама тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, әділ бәсекені дамытуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған шараларды қамтиды.
Бағдарламаны талқылау барысында делегаттар оны одан әрі іске асыру бойынша бірқатар ұсыныс енгізіп, құжаттың негізгі ережелерін қолдайтынын білдірді. Дауыс беру қорытындысы бойынша съезд бағдарламаны бірауыздан бекітті.
Сонымен қатар делегаттар Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітті. Тізімге Қазақстанның барлық өңірінен, кәсіпкерлік және сарапшылық қауымдастықтан, сондай-ақ қоғамдық қызметтің түрлі салаларынан 63 кандидат енгізілді.
Бекітілген кандидаттар тізімі қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіп пен мерзімге сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына ұсынылады.