«Ақ жол» партиясының мүшесі елдегі кедейлікті жоюға уәде берді
Бұл туралы «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі Дәния Еспаева КТК телеарнасының тікелей эфирінде өтіп жатқан саяси партиялар арасындағы пікірсайыс кешінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз кедейлікті, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты, азайтамыз. Экономиканың монополиясыздануын қолға аламыз. Біз кедейлікті қалай жою керектігін білеміз. Ол үшін бұқаралық кәсіпкерлікке мүмкіндік жасау керек. Партия шағын кәсіпкерлікті есептіліктен босатуды талап етеді. Патент бойынша жұмыс істеуге, оның айналымын 100 млн теңгеге дейін көбейтуге мүмкіндік берілсе дейміз. Бұл жұмыс орнын мыңға дейін көбейтуге жол ашады. Оны жұмыспен қамтудың әлі бірде-бір бағдарламасы жасаған жоқ, - деп атап өтті партия мүшесі.
Сондай-ақ ол шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен келісімшарттарды қайта қарау қажет деп отыр.
Шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен келісімшарттарды қайта қарау қажет. Сонымен қатар Қазақстанның олардың табысындағы үлесін арттыру керек. Шетел асқан жемқорлардың ақшасы қайтарылуы тиіс. Ауыл тұрғындарының тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында ауылдық ипотеканы енгізуді ұсынамыз, - деді Дәния Еспаева.