19 Тамыз 2026, 22:24 Фото: Скриншот

«Басты дебат – 2026»: Дания Еспаева «Ақ жол» партиясының кәсіпкерлік бастамаларын түсіндірді

Дания Еспаева «Ақ жол» партиясының бастамалары тек шағын және орта бизнесті қолдаумен шектелмейтінін айтты.

24KZ телеарнасының тікелей эфирінде Құрылтай депутаттығына үміткер жеті партияның қатысуымен «Басты дебат – 2026» саяси жобасы өтіп жатыр.

Дебат барысында ақтаулық кәсіпкер Сәкен «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаеваға партияның кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бастамаларының қарапайым азаматтарға, соның ішінде мұғалімдерге, дәрігерлерге және жалдамалы жұмысшыларға қандай пайдасы бар екенін сұрады.

Сұраққа жауап берген Дания Еспаева партияның олигархтар мен монополистерді емес, отандық өндірушілерді, шағын және орта бизнесті қолдайтынын атап өтті.

«Ең бірінші айтып кететініміз, «Ақ жол» партиясы олигархтарды, монополистерді қолдап жүрген партия емес. Біз отандық өндірушілерді, шағын және орта бизнесті қолдап жүрген партиямыз. Олар кімдер? Олар – сіздердің достарыңыз, көршілеріңіз, сыныптасыңыз. Олардың қандай айырмашылығы бар? Олар соңғы ақшасын салып, банктен кредит алып, өзін ғана емес, өзінің отбасын ғана емес, 5-10 адамды жұмыспен қамтып, мемлекетке салық төлеп отырған адам», – деді Дания Еспаева.

Партия төрағасының айтуынша, көптеген азамат кәсіпкерлікті жұмыс пен табыс табудың бір жолы ретінде таңдауға мәжбүр болып отыр.

«Көбісі бизнес ашуға мәжбүр болып отыр. Себебі барлығымыз мұнайшы болып, банкир бола алмаймыз. Сондықтан олар өз бетімен кәсіп ашып, экономикамыздың дамуына көптеген көмек жасап жатыр», – деп атап өтті партия төрағасы.

Дания Еспаева «Ақ жол» партиясының бастамалары тек шағын және орта бизнесті қолдаумен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру және мемлекетке түсетін салық көлемін көбейту көзделеді.

«Сондықтан біз тек шағын кәсіпкерлікті қолдап отырған жоқпыз. Біз жаңа жұмыс орнын ашуды қолдап отырмыз. Мемлекетке салық түсуін қолдап отырмыз. Осы жұмысшылардың нақты табысы болуын қолдап отырмыз», – деді Дания Еспаева.

Сонымен қатар партия бағдарламасында шағын және орта бизнесті қолдаумен қатар, азаматтардың әлеуметтік мәселелеріне қатысты бастамалар да бар екенін жеткізді.

«Біздің бағдарламамызда тек қана шағын және орта бизнесті қолдау емес, несиелерді азайту, баспанамен қамтамасыз ету мәселелері де бар», – деді партия төрағасы.

Дания Еспаеваның пікірінше, шағын және орта бизнестің дамуы халықтың жұмыспен қамтылуына және табысының артуына тікелей әсер етеді.

«Біз шағын және орта бизнесті қолдау арқылы адамдарға жұмыс, табыс беруге әсер етіп отырмыз. Сол арқылы халықты қолдап отырмыз», – деп түйіндеді Дания Еспаева.