29 Қазан 2026, 16:35

«Ақ жол» партиясы мәслихат сайлауына 433 кандидат ұсынбақ

Партия депутаттары сайлауға дайындық, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа Салық кодексіне қатысты бастамаларды талқылады.

Астанада «Ақ жол» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы өтті. Жиында депутаттар корпусының жұмысы қорытындыланып, өңірлік филиалдардың қызметі мен алдағы сайлау науқанына дайындық мәселелері талқыланды.

Делегаттар алдында сөз сөйлеген Дания Еспаева партияның алдағы мәслихат сайлауына 433 кандидатты ұсынуды жоспарлап отырғанын айтты.

Алдағы мәслихат сайлауына партиямыздан 433 кандидатты ұсыну жоспарланып отыр. Олардың басым бөлігі бүгін осы залда отыр. Сондықтан қазіргі форумның сайлауға дайындық тұрғысынан маңызы ерекше, – деді ол.

Партия жұмысының қорытындысы

Дания Еспаева сөзінде өткен сайлау науқанының нәтижелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, партия Құрылтайда сегіз депутаттық мандатқа ие болған.

Депутаттар кәсіпкерлікті дамыту, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері бойынша 12 депутаттық сауал жолдаған.

Біздің мақсатымыз – мәселе көтерумен ғана шектелмей, оның нақты шешімін табуға қол жеткізу. Сайлаушыларға берген уәдемізді орындауымыз керек, – деп атап өтті Еспаева.

Сайлаудан кейін партия ақпараттық жұмысын қайта қараған. Атап айтқанда, жаңа сайт іске қосылып, өңірлік филиалдарға SMM мамандары тартылған.

Депутаттың сөзінше, азаматтардың мәселелерін шешумен қатар, атқарылған жұмыс нәтижелері туралы халықты хабардар ету де маңызды.

Кәсіпкерлікті қолдау және Салық кодексіндегі өзгерістер

Дания Еспаева кәсіпкерлік мәселелеріне және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған бастамаларға да назар аударды.

Оның айтуынша, партия 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске қатысты тексерулерге үш жылдық мораторий енгізу бастамасын қолдайды.

Біз кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексіне бейімделу үшін өтпелі кезең беруді, салықтық рақымшылық мәселелерін қайта қарауды және тексерулерге мораторий енгізуді бірнеше рет ұсындық. Президенттің тапсырмасын орындау аясында партия тиісті заңнамалық түзетулерді әзірлеуге белсенді қатысуды жоспарлап отыр, – деді Еспаева.

Депутаттарды марапаттау

Форум аясында партия өкілдерін марапаттау рәсімі де өтті. Жиында «Үздік депутат» байқауының қорытындысы шығарылып, мәслихат депутаттары атқарған жұмыстары үшін марапатталды.