19 Тамыз 2026, 19:10 Фото: Партияның баспасөз қызметі

«Ақ жол» «Астана Тазалық» қызметкерлеріне медицина, әлеуметтік төлемдер және ипотека бойынша ұсыныстарын таныстырды

«Ақ жол» партиясының Астанадағы сайлауалды штабы «Астана Тазалық» ЖШС ұжымымен кездесті. Құрылтай депутаттығына кандидаттар Бақтыбек Бибаев, Мейрамгүл Қабдығалиева және Виктор Микрюков партия бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.

Кездесуде денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, ипотека және шағын бизнес мәселелері талқыланды.

Партияның ұсыныстарының бірі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты. «Ақ жол» Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлейтін әр азаматқа жеке шот ашуды ұсынады. Оған азаматтың жарналары түсіп, инвестициялық табыс есептелмек. Партияның пайымынша, азамат қай жерде емделетінін және жиналған қаражатты неге жұмсайтынын өзі шешуі керек.

Тағы бір бастама ең төменгі зейнетақы, ең төменгі жалақы және әлеуметтік төлемдерді есептеуге қатысты. Кандидаттар бұл төлемдер нақты күнкөріс деңгейі мен тұтыну себетінің құнына байланысты есептелуге тиіс деп санайды.

Партия өкілдері жас отбасылар үшін ипотекалық мөлшерлемені субсидиялау туралы ұсынысты да еске салды. «Ақ жол» бағдарламасына сәйкес, мемлекеттік қолдау әр бала дүниеге келген сайын артуы мүмкін: бірінші баладан кейін – 25%, екінші баладан кейін – 50%, ал төртінші бала дүниеге келген соң ипотека толық өтеледі.

Кездесу барысында кандидаттар партияның Парламенттің бұған дейінгі шақырылымдарындағы жұмысы туралы да айтып берді. Атап айтқанда, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды ілгерілетуге, Кәсіпкерлік кодексті әзірлеуге және бір палаталы Парламентке көшу туралы бастамаға қатысқанын атап өтті.

«Астана Тазалық» ЖШС елорданың, қала маңындағы аумақтар мен елді мекендердің санитарлық тазалығымен айналысады.