Ақ үйдегі кездесу нәтижесі: Трамп Украинадағы соғысты “Tomahawk”-сыз аяқтауға ниетті

АҚШ президенті Дональд Трамп украиналық әріптесі Владимир Зеленскийді Ақ үйде қабылдады. Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – Киевке «Томагавк» қанатты зымыран жүйесін сату мүмкіндігі, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.

Келіссөз АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп тұрған кезеңде өтті. Ақ үйдегі бұл кездесу Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің ұзақ телефон арқылы сөйлескенінен бір күн өткен соң ұйымдастырылып отыр.

Соңғы күндері Дональд Трамп Мәскеудің ескертулеріне қарамастан, Украинаға ұзақ қашықтықтағы зымырандарды сатуға дайын екенін білдірген еді. Алайда Путинмен сөйлескеннен кейін АҚШ басшысы бұл мүмкіндікті «қайта қарастыруға болатынын» айтқан. Трамп  Украинадағы соғысты Tomahawk зымырандарынсыз аяқтауға үміт білдірді. 

Трамптың айтуынша, екі ел басшылары Украинаның қорғаныс әлеуетін арттыру жолдарын, соның ішінде Ресейге соққы беру мүмкіндіктерін талқылады.

Иә, біз бұл туралы сөйлесеміз. Бұл шиеленісті тақырып, бірақ талқылауға тұрарлық. Мен бұл соғысты Tomahawk-сыз тоқтата аламыз деп үміттенемін. Путин де, Зеленский де соғыстың аяқталғанын қалайды. Енді біз оған жетуіміз керек, – деді АҚШ президенті.

Сонымен қатар, Трамп Украина территорияны беру арқылы бейбіт келісімге келуі керек пе деген сұраққа нақты жауап бермей, “соғыстардың қалай өрбитінін болжау мүмкін емес” деп атап өтті.

Кездесу қарсаңында Ақ үйдің баспасөз қызметі Трамптың жақында Будапештте Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын растады. Вашингтон бұл саммитке Украина тарапының да қатысуын қалайды.

Ал Владимир Зеленский Украина бейбітшілікті қалайтынын айтып, “ең алдымен атысты тоқтату туралы келісім қажет” деді. Сонымен бірге ол АҚШ-қа ерекше ұсыныс жасады – Tomahawk қанатты зымырандарының орнына мыңдаған украиналық дрондар жеткізуді ұсынды.

Қазіргі соғыстар мыңдаған дрондарды қажет етеді. Бізде олар бар, бірақ Tomahawk жоқ. Сондықтан біз АҚШ-пен серіктестік орнатып, өз дрондарымызды ұсынуға дайынбыз, – деді Зеленский.

Трамп украин дрондарын “өте жақсы” деп бағалап, ұсынысты талқылауға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол АҚШ-қа да Tomahawk және басқа зымыран түрлері қажет екенін атап өтті.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Киев Вашингтонға украин дрондарын АҚШ немесе Еуропа аумағында бірлесіп өндіру және оларды америкалық әскери қажеттіліктерге экспорттау туралы технологиялық серіктестік ұсынған.

Зеленский Трамптың украин қақтығысын аяқтауға “үлкен мүмкіндігі бар” екенін айтты. Өз кезегінде Трамп:

Мен соғыстарды тоқтатқанды ұнатамын. Бұл мен шешетін тоғызыншы қақтығыс болады. Біз миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қала аламыз, – деп мәлімдеді.

Кездесу барысында екі ел басшылары энергетикалық серіктестік пен Украинаның энергетикалық инфрақұрылымын қалпына келтіру тақырыбын да талқылады. Бұған дейін Зеленский АҚШ энергетика министрі мен америкалық ірі компаниялар өкілдерімен кездескен болатын.

Ақ үйдегі келіссөздер екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды дипломатиялық қадам ретінде бағаланып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы