Ақ үй Иранмен келіссөздің басты шартын атады
Тараптар техникалық консультацияларды жалғастырып, арағайындардың қатысуымен байланысын үзбеген.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран алдымен атысты тоқтатуға келіскен жағдайда ғана бейбіт келіссөздер жүргізуге дайын. Бұл туралы New York Post басылымы америкалық шенеунікке сілтеме жасап хабарлады.
Басылым дерегінше, кез келген келіссөздің негізгі шарты – Иранның бірінші болып атысты тоқтатуы.
«Президент мүмкіндігінше тезірек келісімге қол жеткізгісі келеді. Бірақ егер Иран кемелерге, америкалық әскери базаларға немесе Парсы шығанағындағы АҚШ одақтастарына шабуылдарын жалғастырса, оның салдары болады», – деген дереккөз.
Сондай-ақ басылымның мәліметінше, тараптар техникалық консультацияларды жалғастырып, арағайындардың қатысуымен байланысын үзбеген.
Еске салайық, бұған дейін Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Тахир Андраби АҚШ пен Иран арасындағы шиеленісті реттеу жөніндегі келіссөздер жалғасып жатқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Пәкістан келіссөздерге қатысты міндеттемелердің орындалуына қолдау көрсетуді жалғастырады.