Аптап ыстықтан әлемде орман өрті көбейді

Климаттың өзгеруінен 2023 жылдың өзінде әлемнің бірқатар елінде құрғақшылық жайлап, орман өртінің саны артқан. Алапат өрт біздің елді де айналып өтпеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. тілшісі.

Мамандардың зертеуінше, әлемде жылына орта есеппен 61 410 өрт шығады және 7,2 миллион гектар жер зардап шегеді екен.

Еуроодақ қауіпсіздік шарасын күшейтті

Кәрі құрлықта да бұрын-соңды болмаған, аптап ыстық салдарынан орман өрті көбейді. Еуропаның оңтүстігіндегі Португалия мен Испанияда, Франция мен Грецияда өрт боып, еуропалық ынтымақтастық механизмі іске қосылды.

Португалияда 2000-нан астам өрт сөндіруші елдің солтүстігі мен орталығындағы 4 ірі өртпен күресіп жатыр. 1 адам қаза тауып, 60-қа жуық адамды күйік шалған. Жыл басынан бері Португалияда 30 000 гектар жер өтенген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 68%-ға көп.

Өртті ауыздықтауға 40 градус аптап ыстық пен күшті жел кедергі келтіруде.

Ал Францияның оңтүстік-батысындағы өртті сөндіруге 800 өрт сөндіруші, 10 өрт сөндіру ұшағы мен тікұшақ жұмылдырылған. Сейсенбіден бері шамамен 7,3 мың гектар орман өртеніп, 11 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Франция президенті Эммануэль Макрон өрт сөндірушілер мен көмек көрсеткен еуропалық ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.

Алпат жалын Испания аралын да шарпыды

Испанияның Ла-Пальма аралында да орман өрті өршіп тұр. Өрттің әсерінен 500-ге жуық адам эвакуацияланды. Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, өрт аралдың солтүстігіндегі орманды алқаптан шыққан. Өрттің тез таралуына құрғақшылық пен қатты жел ықпал етіп, салдарнан 11 үй отқа оранған.

Мәліметтерге сәйкес, 2000 гектар аумақ зардап шекен. 500-ге жуық жергілікті тұрғын эвакуациялануға мәжбүр болды.

Испания армиясы жергілікті азаматтық құтқарушыларға көмектесу үшін аралға 150 өрт сөндірушісін жіберді. Көршілес Тенерифе аралынан көмек жіберілген. Қызыл жалынмен күресуге 6 тікұшақ, 3 ұшақ, 20 жаңбырлатқыш және 200 адам жұмылдырылды.

Бұдан бөлек, орман өрті Кастилия және Леон облыстарында да тұтануы мүмкін деген ескерту жасалды. Ал елдің солтүстік-батысында ауа температурасы 42 градусқа дейін көтерілген.

Канададағы өрт бақылаудан шығып кетті

Канадада жыл басынан шамамен 46 мың шаршы км орман өртенді. Бұл өткен жылдардағы орташа көрсеткіштен әлдеқайда көп.

Квебек провинциясының қоғамдық қауіпсіздік министрі Франсуа Боннардел Канададағы орман өрті жаз бойы созылатынын айтты.

Квебек тарихында бірінші рет ауқымды өртпен күресіп, көп адамды эвакуациялауымыз керек. Жаз бойы күресуге тура келеді деп ойлаймыз, - деді ол.

Өрттің бақылаудан шығып кеткені сонша, кейбір орман шаруашылықтары кетуге мәжбүр болды, - деді Йеллохед округінің бас әкімшілік директоры Люк Мерсиер.

Қазіргі таңда Канада ормандарында 416 белсенді өрт ошағы бар, оның 203-і бақылаудан шыққан. Өр маңындағы 14000-ға жуық адам эвакуацияланды.

Франция, Португалия және Испания Канадаға 280-нен астам өрт сөндіруші жіберді. Француз өрт сөндірушілері мен құтқарушылары Квебекте 3 күннен бері жұмыс істеп жатыр.

Канададағы өрттің түтіні Норвегияға дейін жетті. Мамандардың айтуынша, түтін Еуропаның атмосфера қабатына жайылған. Ауа сапасының күрт нашарлауы АҚШ-тың көптеген қаласында байқалды. Күйіктің иісі, әсіресе, Вашингтон мен Нью-Йоркте қатты сезілді. Ғалымдардың пайымдауынша, жаһандық жылыну салдарынан температура көтерілген сайын дала өрттері жиі және жиі болады.

Түркияның 3 аймағында орман өртенді

Түркияның Чанаккале провинциясында ірі орман өрті шықты. Ауа температурасының маусымдық нормадан жоғары көтерілуі Түркияда орман өртін күшейтті. Османие, Кахраманмарас және Чанаккале провинцияларындағы өрт әуеден және құрлықтан сөндіріліп жатыр.

Куәгерлердің айтуынша, желдің әсерінен азғантай уақыт ішінде өрт күшейген. Облысқа аранайы жасақ жіберілген.

Өртті сөндіруге 10 тікұшақ, 7 ұшақ, 46 жаңбырлатқыш және 363 адам жұмылдырылды.

Сонымен бірге Чанаккаледегі Гөкчеада ауданындағы орман аймағында кеше басталған өрт 16 сағаттай жалғасып, әуе және құрлық топтарының араласуымен бақылауға алынды.

Желдің әсерінен өршіген өртке Чанаккале орман шаруашылығының бригадалары 8 минуттың ішінде жетті.

Кахраманмараш облысының 3 ауданындағы орман өрттері де бақылауға алынған.

Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау маңызды

Экологтар өрт ауқымының кеңеюі ғаламдық жылыну процесін жылдамдатуы мүмкін, тұрғындардың денсаулығына зиян тигізеді деп дабыл қағады.

Орман өрті орын алса, әсіресе, ұзаққа созылған қуаңшылық жылдары жүздеген гектар жерге таралып, жалыны тиген жердің бәрін тып-типыл етеді. Орман өртінің табиғатқа келтіретін зияны аз емес. Өйткені жасыл-желектің қайта қалпына келуі үшін ондаған жылдар қажет.

Орманда өрт шығу себептерін сараптағанда көбінесе адамдардың өз кінәсінен болатыны анықталды. Сондықтан өрт қауіпсіздігі ережелерін үйрететін үгіт-насихат жұмыстарын тек өрт сөндіру қызметкерлері ғана емес, олармен қатар қоғамдық мекемелер де жүргізуі тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы