Аптап ыстық жол жабынын бүлдірді: Шымкент – Өзбекстан трассасында ақау анықталды
«Қазгидромет» мәліметінше, 23 маусым күні Түркістан облысында ауа температурасы +40 градусқа дейін көтерілген. Осыған байланысты жол қызметтері цемент-бетон төселген республикалық трассалардағы жағдайды күшейтілген бақылауға алған.
Түркістан облысында ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты Шымкент – Өзбекстан шекарасы бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың бір бөлігінде цемент-бетон жабынында ақау пайда болды.
«Қазгидромет» мәліметінше, 23 маусым күні Түркістан облысында ауа температурасы +40 градусқа дейін көтерілген. Осыған байланысты жол қызметтері цемент-бетон төселген республикалық трассалардағы жағдайды күшейтілген бақылауға алған.
Патрульдік тексеру барысында «КАЖсервис» ЖШС Түркістан облыстық филиалының мамандары Шымкент – Өзбекстан шекарасы автожолының 712-шақырымында жол жабынының ақауын анықтады.
Мамандардың айтуынша, аптап ыстық кезінде цемент-бетон плиталары қызудың әсерінен кеңейіп, қосымша жүктемеге ұшырайды. Соның салдарынан жол жабынында деформация пайда болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта аталған аумақта уақытша жол белгілері орнатылып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынды. Сонымен қатар жолдың бүлінген бөлігін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Жол қызметтері жүргізушілерді жолдағы уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, қозғалыс кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.