Аптап ыстық. Жедел жәрдем көмегіне жүгінгендер саны 12%-ға артты
Ертіс өңірінде соңғы күндері ауа температурасы +38 градусқа дейін жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Салдарынан жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінген адам саны артты.
Облыстық жедел жәрдем станциясы жетекшісінің орынбасары Ирина Мищенконың мәліметінше, күн ысығанға дейін бір тәулікте 630 шақырту түсіп отырса, соңғы екі күнде 700-ден астам қоңырау түсе бастаған.
Шақыртулардың басым бөлігі созылмалы ауруларға шалдыққан науқастардан түседі. Нақтырақ айтқанда, қан айналымы жүйесі, қан қысымы, жүректің ишемиялық аурулары бойынша хабарласып жатқандар көбейді. Сонымен қатар бронхиалды демікпеге шалдыққандар да көмегімізге жүгініп жатыр. Суық сусын ішіп, суық суға түсіп, ауырып қалғандар да жетерлік. Қоғамдық жерлерде есінен танып қалу оқиғалары да тіркеле бастады. Бір күнде осы тектес 20 қоңырау түсіп, қызмет көрсеттік, - дейді Ирина Мищенко.
Ақ желеңділер күн астында аз жүруге кеңес береді. Сонымен қатар тәтті сусындар емес, таза су ішіп отыру қажеттігін еске салады. Мамандардың айтуынша, дәрігерлерге хабарласқандардың басым бөлігі – 45 жастан асқан павлодарлықтар.
Айта кетейік, алдағы күндері өңірде ауа температурасы +41 градуска дейін көтеріледі. «Казгидромет» мекемесі мамандарының айтуынша, үстіміздегі жылдың төртінші маусымында күн райы + 36,3 градусқа жеткен. Осындай көрсеткіш соңғы рет 2012 жылы тіркеліпті.