Аптап ыстық, қымбат несие, кибершабуылдар: 2027 жылы әлемді не күтіп тұр?
2027 жылы жаһандық температура жаңа рекордқа жетуі мүмкін. Қымбат қарыз дамыған елдердің бюджетіне қысым түсірсе, жасанды интеллект саласында компаниялардың қаржылық тұрақтылығы мен киберқауіпсіздікке қатысты сұрақтар көбейеді. The Economist басылымының арнайы шығарылымында алдағы жылы әлем назар аударатын он үрдіс аталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- АҚШ-та Трамптың орнын кім басады деген сұрақ алға шығады
АҚШ-та аралық сайлаудан кейін келесі президенттік додаға дайындық басталады. The Economist журналының The World Ahead 2027 арнайы шығарылымының редакторы Том Стэндэйдждің пайымынша, Дональд Трамп осы кезеңде де саяси ықпалын сақтап қалуға тырысады. Жаңа жарлықтар, сот даулары мен ауқымды құрылыс жобалары оның президенттігінің соңғы жылдарындағы күн тәртібін айқындауы мүмкін. Ал АҚШ-тың серіктестері Трамптан кейін Вашингтонның саясаты қалай өзгеретінін бағамдай бастайды.
- Ирандағы соғыстың салдары энергия мен азық-түлік нарығына әсер етуі мүмкін
Стэндэйдж Иран төңірегіндегі қақтығыстың түбегейлі шешілуін екіталай санайды. Оның бағалауынша, соғыс АҚШ-тың аймақтағы беделіне нұқсан келтірді. Қақтығыстың салдары 2027 жылы да сезіліп, Таяу Шығыстағы саяси қатынастар мен энергия тасымалының бағыттарын өзгертуі ықтимал. Тыңайтқыш тапшылығы азық-түлік қауіпсіздігіне қосымша қатер төндіруі мүмкін. Иран билігі ел ішіндегі бақылауды күшейте түседі деп болжайды автор.
- Жаһандық температура жаңа рекордқа жетуі ықтимал
The Economist болжамынша, 2027 жыл метеобақылау тарихындағы ең ыстық жыл болуы мүмкін. Бұған Тынық мұхитындағы су температурасының көтерілуімен байланысты Эль-Ниньо құбылысының күшеюі ықпал етуі ықтимал. Аптап ыстық, қуаңшылық, орман өрттері мен ауа райының басқа да төтенше құбылыстары жиілеуі мүмкін. Стэндэйдждің пікірінше, жаңартылатын энергияға көшу елдерге шығарындыларды азайтуға және әлемдік отын бағасының құбылуына тәуелділікті төмендетуге көмектеседі.
- Жасанды интеллект саласындағы қарыз бен киберқауіпке назар күшейеді
Жасанды интеллект компаниялары күрделі әрі ашықтығы төмен мәмілелер арқылы көбірек қарыз тартып жатыр. Автордың пайымынша, бұл саланың қаржылық тәуекелін арттырады. ЖИ модельдерінің жетілуі кибершабуылдардың көбеюіне ықпал етуі мүмкін. Ал компаниялар мен үкіметтер салаға қажетті жабдықты жеткізуде саяси тәуекелдерді көбірек ескеруге мәжбүр болады. Стэндэйдж жаппай жұмыс орындарының қысқаруы мен деректер орталықтарының су және энергия тұтынуына қатысты кейбір алаңдаушылыққа қолдағы деректер әзірге жеткілікті негіз бермейді деп есептейді.
- Франциядағы президент сайлауы Еуропаның саяси бағытына ықпал етуі мүмкін
Еуропадағы оңшыл популистердің ықпалы 2027 жылы Францияның президент сайлауында сыналады. Стэндэйдж оңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясының өкілі Марин Ле Пеннің жеңіске жету мүмкіндігін жоғары бағалайды. Мұндай нәтиже Еуропалық одақтың шешімдеріне ықпал етіп отырған Франция мен Германияның саяси әріптестігін қиындатуы мүмкін. Францияның мемлекеттік қарызы мен бюджетіне қатысты алаңдаушылық та күшеюі ықтимал.
- Қарыз алу үкіметтерге де, халыққа да қымбатқа түсуі мүмкін
Мемлекеттік шығыстардың өсуі, жасанды интеллект инфрақұрылымына салынған ірі инвестициялар және энергия бағасына байланысты инфляция дамыған елдердің облигация нарығына қысым түсіреді. Мемлекеттер қарыз тарту үшін жоғары пайыз ұсынуға мәжбүр болуы мүмкін. Пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы несие алатын кәсіпорындар мен отбасыларға да салмақ салады.
- Тайвань төңірегіндегі шиеленіс сақталады
Украина мен Ирандағы қақтығыстар жаңа технологиялардың әскери қуаты басым қарсыласқа төтеп беру мүмкіндігін кеңейткенін көрсетті деп жазады Стэндэйдж. Автор Қытай төрағасы Си Цзиньпин әскерге Тайваньды басып алу операциясына 2027 жылға қарай дайын болу міндетін қойды деген мәліметті келтіреді. Бейжің қандай да бір қадамға бара ма, әлде Тайваньдағы 2028 жылғы сайлауды күте ме деген сұрақ ашық қалып отыр.
- Салмақ азайтуға арналған дәрілер тұтыну әдетін өзгертіп жатыр
Салмақ тастаған тұтынушылардың бір бөлігі киімге, косметикаға және фитнеске көбірек ақша жұмсай бастайды. The Economist осы өзгерісті салмақ азайтуға арналған препараттардың нарыққа ықпалының бір көрінісі ретінде атайды. Мұндай дәрілердің коммерциялық табысы фармацевтикалық компаниялардың өмір ұзақтығын арттыруға бағытталған зерттеулерге қызығушылығын да жандандырды.
- Ғарышқа жүк шығару арзандауы мүмкін
Басылымның болжамынша, SpaceX компаниясының Starship зымыраны жерсеріктерді орбитаға тұрақты түрде шығара бастайды. Қытайлық компаниялар зымыран үдеткіштерін қайта пайдалану мүмкіндігін көрсетуі ықтимал. Ұшыру құны төмендесе, жеке ғарыш станцияларын іске қосу және орбитада деректер орталықтарын орналастыру жобаларына жол ашылады.
- Голливудта танымал франшизалар қайта оралады
2027 жылы «Жұлдызды соғыстардың» алғашқы фильміне 50 жыл толады. Мерейтойға орай фильм қайта прокатқа шығып, жаңа туынды франшизаны жаңғыртуға тиіс. «Кек алушылар» да экранға оралады, ал Джеймс Бонд туралы жаңа фильм күтіліп отыр. Сонымен бірге YouTube авторлары түсірген шағын бюджетті фильмдердің табысы көрерменнің жаңа оқиғаларға да сұранысы барын аңғартады.
Стэндэйдж 1977 жылы шыққан «Жұлдызды соғыстардың» бүгінгі күнмен үндестігіне назар аударады. Фильмде әскери алпауытқа шағын ұшу аппараттары қарсы тұрады, дроидтар өз бетінше әрекет етеді, ал құпия деректің ұрлануы оқиғаның бағытын өзгертеді. Осы тақырыптар 2027 жылы да соғыс, технология және қауіпсіздік туралы пікірталастардың өзегінде қалуы мүмкін.