Аптап ыстық, қатты жел: Бірқатар өңірде дауылды ескерту жарияланды
Тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қауіпсіздік шараларын сақтап, төтенше жағдайлар қызметінің ескертулерін назарға алу ұсынылады.
«Қазгидромет» РМК бүгінге, 3 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялап, еліміздің көптеген өңірінде найзағай, қатты жел, бұршақ, нөсер жаңбыр және аптап ыстыққа байланысты дауылды ескерту жасады.
Синоптиктердің мәліметінше, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында қолайсыз ауа райы құбылыстары күтіледі.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтерілсе, Түркістан облысында 40 градусқа дейін ыстық болады деп болжануда. Сонымен қатар бірқатар аймақта найзағай ойнап, бұршақ жауып, желдің екпіні секундына 15-25 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында кей жерлерде қатты жаңбыр мен дауыл күтіледі. Қызылорда облысында шаңды дауыл болуы ықтимал.
Синоптиктер Павлодар, Ақмола, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті.
Тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қауіпсіздік шараларын сақтап, төтенше жағдайлар қызметінің ескертулерін назарға алу ұсынылады.