16 Шілде 2026, 12:40 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Аптап ыстық пен қуаңшылық ет бағасына әсер ете ме? Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді

Мал өсірушілер ұзаққа созылған аптап ыстықтың ауыл шаруашылығына кері әсері байқалып жатқанын айтады. Олардың сөзінше, жоғары температура егістік пен шабындықтарды күйдіріп, жем-шөп тапшылығына және мал басын мәжбүрлі түрде қысқартуға әкелуі мүмкін.

Абай облысының мал өсірушісі Қуаныш Сүлейменов қуаңшылықтан ең көп зардап шеккен өңірлерді алдын ала анықтап, облыстар арасында жем-шөп жеткізу жүйесін жолға қоюды, субсидия көлемін ұлғайтуды және егістігін жоғалтқан фермерлерге сақтандыру төлемдерін қамтамасыз етуді ұсынды.

Біздің облысты аралап, биылғы аптаптың егістік пен шабындықтарды қалай күйдіріп жатқанын көріп жүрмін. Облыс әкімдігі, ауыл шаруашылығы басқармасы және мүмкіндігінше Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстар арасындағы байланысты жолға қойып, зардап шеккен өңірлерді жем-шөппен қамтамасыз ету жоспарын әзірлегені жөн. Өйткені жем-шөптің жетіспеуі мал басының азаюына алып келеді, – деп жазды Қуаныш Сүлейменов. 

Қазақстанның жем-шөппен қаншалықты қамтамасыз етілгенін, мал өсірушілерді қолдау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын және қуаңшылықтың ет бағасына әсер етуі мүмкін бе деген сұрақтарға жауап алу үшін BAQ.KZ тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігіне ресми сауал жолдады.

Ведомство ауа райы жағдайының жем-шөп дайындау мерзіміне әсер еткенін растады. Биыл бірқатар өңірде науқан әдеттегіден кеш басталған.

Биыл жем-шөп дайындау науқанының басталу мерзімі көпжылдық орташа көрсеткіштермен салыстырғанда агрометеорологиялық жағдайларға байланысты кейінге шегерілді. Қыс мезгілінен кейін топырақтағы өнімді ылғал қорының жеткіліксіз болуы және көктемгі жауын-шашынның біркелкі түспеуі табиғи шабындықтар мен мал азықтық дақылдардың кеш көктеуіне әсер етті. Соның салдарынан елдің бірқатар өңірінде жем-шөп дайындау жұмыстары кеш басталды, – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес, бүгінгі күні Қазақстанда 9,1 млн тоннадан астам жем-шөп дайындалған. Оның негізгі бөлігін – 8,2 млн тонна шөп құрайды. Сонымен қатар 850 мың тонна пішендеме және 35 мың тоннадан астам сүрлем дайындалған.

Ал 2026-2027 жылғы қыстату маусымына арналған жоспар бұдан едәуір жоғары. Өңірлер 25,6 млн тонна шөп, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,8 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 5,7 млн тонна құнарландырылған жем дайындауы тиіс.

Осылайша, қазіргі уақытта қажетті шөп көлемінің шамамен үштен бірі ғана дайындалған. Бұл ретте жем-шөп дайындау науқаны жалғасып жатыр, ал әртүрлі мал азығы түрлерінің дайындалу мерзімі әрқалай.

Мал азықтық дақылдардың егіс алқабы ұлғайтылды

Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл мал азықтық дақылдардың егіс алқабы кеңейтілгенін мәлімдеді.

2026 жылы олардың көлемі 3,32 млн гектардан асты. Бұл – 2025 жылмен салыстырғанда 243 мың гектарға артық. Өткен жылы мал азықтық дақылдар 3,077 млн гектар алқапқа егілген болатын.

Соның нәтижесінде егістік құрылымындағы үлесі 13 пайыздан шамамен 14 пайызға дейін өсті.

Алдағы уақытта ведомство бұл көрсеткішті әрі қарай ұлғайтуды жоспарлап отыр. 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай мал азықтық дақылдардың егіс алқабын 4 млн гектарға жеткізу көзделген.

Өңірлерде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Ауыл шаруашылығы министрлігі 11 маусымда және 8 шілдеде жедел штабтың отырыстарын өткізді. Онда жем-шөп дайындау мерзімі мен алдағы қыстауға қажетті қорды қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Өңірлік штабтар жұмыстардың қарқыны мен баға жағдайын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс.

Өңірлік жедел штабтар жем-шөп дайындау барысын тұрақты бақылап, халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарына шөп шабу үшін қосымша жер телімдерін, оның ішінде ірі шаруашылықтардың пайдаланылмай жатқан жайылымдарын бекіту жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ алыпсатарлық пен негізсіз баға өсіміне жол бермеу үшін жем-шөптің сату бағасын бақылауда ұстайды, – делінген министрліктің жауабында.

Осылайша, жеке қосалқы шаруашылықтарға шөп шабуға арналған қосымша жерлер берілуі мүмкін. Сонымен қатар әкімдіктер жем-шөп бағасын бақылауы тиіс.

Алайда министрлік жауабында нақты қай өңірлердің қуаңшылықтан көбірек зардап шеккені және оларға басқа облыстардан жем-шөп жеткізу ұйымдастырыла ма деген мәселе көрсетілмеген.

Азық-түлік корпорациясы жемдік астық сатуда

Қолдау тетіктерінің бірі ретінде Азық-түлік корпорациясының жемдік астық қоры пайдаланылуда.

2026 жылы компания 201,3 мың тонна көлемінде астық қорын қалыптастырды. Соның ішінде құс және мал шаруашылығы кәсіпорындарына 21,7 мың тоннасы сатылған.

Сату 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Жемдік астық нарықтық бағаға және 10 пайыздан аспайтын төмендету коэффициентіне негізделген белгіленген бағамен сатылады.

Биыл оның бағасы бір тоннасына 95 мың теңгені құрайды.

Қазақстанда сондай-ақ 76 құрама жем зауыты жұмыс істейді. Олардың қатарында ірі кәсіпорындар мен құс фабрикалары және мал шаруашылығы кешендері жанындағы өндірістік цехтар бар. Жалпы өндірістік қуаты жылына шамамен 4 млн тонна құрама жем шығаруға мүмкіндік береді.

Жем-шөпке субсидиялауға 1,1 млрд теңге қарастырылған

Мемлекеттік қолдау аясында ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жем-шөп шығындары субсидияланады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар 3,6 млрд теңге төледі. Ал 2026 жылға 1,1 млрд теңге қарастырылған.

Субсидиялау табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған кезде немесе жем-шөп дайындауға кері әсер еткен қалыптан тыс ауа райы жағдайлары туындаған жағдайда жүзеге асырылады. Бұл "Қазгидромет" РМК-ның анықтамасымен расталуы тиіс, – деп түсіндірді министрлік.

Бұл талап Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Ұлытау облыстарындағы ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басына қолданылмайды.

Жайылымдарды қалпына келтіру бағдарламасы әзірге бір облыста ғана жүзеге асуда

Қазақстанда  «Жайылымдардың тозуы мен шөлейттенуіне қарсы іс-шараларды жүргізу» бюджеттік бағдарламасы іске асырылуда.

Бағдарлама жайылымдарды жақсартуды, топырақты дайындауды, біржылдық және көпжылдық мал азықтық шөптерді егуді, тыңайтқыш енгізуді және ауыл шаруашылығы жерлерінің өнімділігін арттыруды көздейді.

Алайда іс жүзінде бұл бағдарлама әзірге тек бір өңірде ғана жүзеге асырылып жатыр.

Бағдарламаны жергілікті атқарушы органдар іске асырады. Ол жер ресурстарын ұтымды пайдалануға, мал шаруашылығын сапалы жем-шөппен қамтамасыз етуге, жайылымдардың экологиялық тұрақтылығын сақтауға және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ықпал етеді. Алайда бүгінгі күні бұл бағдарлама бойынша тек Қарағанды облысы жұмыс жүргізіп жатыр, – деп хабарлады министрлік.

Бағдарламаны басқа өңірлерге кеңейту 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарда қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қандай жаңа шаралар әзірлеп жатыр?

2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар жем-шөп базасын нығайтуға арналған бірнеше құралды қамтиды.

Атап айтқанда, жылдық мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын «Жайлау» кредиттік өнімін іске қосу жоспарланып отыр. Қаржы шалғай жайылымдағы мал шаруашылығын, жайылым инфрақұрылымын дамытуға және жылжымалы вагондар сатып алуға бағытталады.

Сондай-ақ мал азықтық дақылдардың тұқымын сатып алуға жұмсалған шығынды өтеу көлемін 20 пайызға арттыру және жем-шөп дайындайтын техниканы жылдық 5 пайызбен лизингке беру қарастырылған.

Техника тізіміне өздігінен жүретін және тіркемелі жемтаратқыштар, сондай-ақ мобильді және модульді жем дайындау кешендері енгізілген.

Құрама жем зауыттарын салу және жаңғырту кезінде мемлекет шығынның 25 пайызына дейін өтейді. Ал зауыттар салу және суару жүйелерін дамытуға арналған инвестициялық жобалар 10 жылға дейінгі мерзімге жылдық 2,5 пайызбен қаржыландырылуы мүмкін.

Тағы бір шара – жайылымдарды суландыру және мал суаратын құдықтар мен ұңғымалар салуға жұмсалатын шығынның 50 пайызына дейін субсидиялау.

Сонымен қатар мал шаруашылығы кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылған.

Мал басы әзірге өсіп келеді

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары санының қысқаруы байқалмайды.

Ірі қара мал саны 9,342 млн басқа жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 105,8 пайызды құрады.

Ұсақ мал саны 24,320 млн басқа жетіп, бұл да өткен жылмен салыстырғанда 105,8 пайыз. Жылқы саны 5,047 млн басқа жетіп, 104 пайызды, ал құс саны 48,3 млн болып, 101,3 пайызды құрады.

Министрліктің мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар алдағы қыста малды қажетті жемшөппен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы жануарлары санының жаппай қысқаруына алғышарт жоқ. Ет пен басқа да мал шаруашылығы өнімдерінің бағасы айтарлықтай қымбаттайды деп болжанбайды, – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Осылайша, ведомство жағдайды бақылауда ұстап отырғанын және мал басының күрт азаюы мен ет бағасының айтарлықтай өсуін күтпейтінін мәлімдеді. Дегенмен жем-шөп дайындау науқаны әлі аяқталған жоқ, ал дайындалған шөп көлемі әзірге жоспарланған мөлшердің шамамен үштен бірін ғана құрайды.

Қорытынды жағдай алдағы ауа райына, шөп шабу қарқынына, жемшөп бағасына және өңірлердің шағын шаруашылықтарды уақытылы жем-шөппен қамтамасыз ету мүмкіндігіне байланысты болмақ.