Аптаның ТОП-5 спорт оқиғасы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл апта Қазақстан спортшылары үшін жағымды жаңалықпен басталды. Отандық гимнастар ұзақ үзілістен кейін алғашқы халықаралық жарысқа қатысып, Венгриядағы әлем кубогінен төрт медальмен оралды.

Сондай-ақ, олимпиадалық спорт түрлерінен ұлттық құрама командалардың басым бөлігі жаттығу жиындарын аяқтады. Olympic.kz аптаның үздік бес оқиғасын ұсыныпты.

1. Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) пандемия басталғалы бері алғаш рет әлемдік жарыс өткізуге бел байлады. Ұйым президенті Мариус Визер Будапешттегі Grand Slam турнирінің өтетінін мәлімдеді. Аталған рейтингілік турнир 23-25 қазанға жоспарланып отыр.

2. Спорттық гимнастикадан команда бас бапкері Александр Ким Венгрияда өткен әлем кубогі кезеңін қорытындылады. Аталған сында қазақстандық Нариман Курбанов алтын алса, Милад Карими екі, Ілияс Азизов бір күміс еншілеген болатын. 

3. Жасталап Санауов жаттықтыратын каратэшілер карантиннен кейінгі алғашқы жаттығу жиынын бастаса, боксшылар мен үстел теннисі шеберлері дайындық кезеңін аяқтады. 

4. Семсерлесуден Қазақстан командасы үздіктерінің бірі Дмитрий Алексанин Olympic.kz сайтына арнайы сұхбат берді. Спортшы карантиндегі уақытын қалай өткізгенін айтып, алдағы лицензиялық турнирлерге сақадай сай екенін жеткізді. 

5. Қысқы спорт түрлерінен Қазақстан ұлттық құрамасы алдағы өзгеріске толы маусымға дайындалып жатыр. Биатлоншылар Ресейдің Түмен қаласындағы жасанды қарда жаттығуды көздеп отыр. Ал шаңғышылар үзілістен кейін жаттығуға қайта оралып, халықаралық жарыстарға қатысу үшін рұқсат күтуде. Ал конькишілер мен шорт-трекшілер бірнеше турнирдің өтпейтініне қарамастан, дайындықты тоқтатқан емес.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы