"Қазгидромет" апта сайын гидрологиялық болжамдар ұсынатын болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Үкімет отырысында 2020 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары қаралды. 

Қардағы ылғал қорларының көлемі бірнеше өңірлерде орташа нормадан көп болып тұр. Олар Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзені бассейнінде 80 пайызға, Қарағанды облысының Нұра, Сарысу, Тоқырау өзендерінің бассейндерінде 30-60 пайызға, Ақмола облысында Есіл, Мойылды, Сілеті, Шағалалы, Жабай, Колутон өзендері бассейндерінде 30-70 пайызға, Қостанай облысында Тобыл, Тоғызақ, Торғай өзендерінің бассейндерінде 20-30 пайызға, ал Қараторғай өзені бассейнінде 130 пайызға дейін жоғары. Еліміздің батысында қардағы ылғал қорларының көлемі, керісінше, көп жылғы орташа нормадан 30-80 пайызға төмен. Естеріңізде болса, 2017 жылы Қарағанды облысының Сарысу өзені, Ақмола облысының Есіл, Сілеті, Шағалалы, Колутон өзендеріне қарасты елді мекендерін су басқан болатын. Биыл осы жерлердегі қардың көлемі сол жылмен салыстырғанда 20-40 пайызға көп екенін ерекше атап айтқым келеді, - деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Оның сөзінше, қалыптасқан гидрометеорологиялық жағдай негізінде Солтүстік және Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында көктемгі су көп болады деп күтілуде. Егер температуралық фон көтеріліп, нөсер жауын болған жағдайда ақпан айының соңы мен наурыз айында Қазақстанның оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және батысында қар жамылғысының аздығына қарамастан су тасқыны болуы мүмкін. 

Қардың жиналуы наурыз айында да жалғасады. "Қазгидромет" наурыз айынан бастап апта сайын гидрологиялық болжамдарды ұсынатын болады. Оған дейін бұл ай сайын жасалатын. Бұл болжам үш күн сайын жаңартылып отырады. Одан бөлек су тасқыны қаупі төнген жағдайда екі-үш тәулік бұрын дауылды ескертулер шығарылады. Негізі осындай ескертулер норма бойынша 6 сағат бұрын берілуі тиіс. Наурыз айындағы синоптикалық болжамға сәйкес ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым аумағында климаттық нормадан жоғары болады деп күтілуде, - деді министр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы