Apple, Siemens, Honeywell: Ірі халықаралық компаниялар Үкіметке қандай ұсыныс айтты?
Отырыс барысында халықаралық бизнес-қоғамдастық өкілдері сөз сөйледі.
Премьер-министр Олжас Бектенов инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Жиында АҚШ пен халықаралық ірі технологиялық компаниялардың өкілдері Қазақстандағы цифрландыру, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Отырыс барысында Қазақстандағы Америка Сауда палатасының атқарушы директоры Джефф Эрлих, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт және бизнес өкілдері сөз сөйледі.
Джули Стаффт елдер арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, Үкімет пен бизнес арасындағы ашық диалогтің маңызын ерекше атады. Стаффт елдер арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін, сондай-ақ цифрлық реттеу, бұлтты технологияларды дамыту, дербес деректерді өңдеу және трансшекаралық деректерді беру мәселелері бойынша Үкімет пен бизнес-қоғамдастық арасындағы ашық диалогтің маңыздылығын атап өтті.
Халықаралық бизнес-қоғамдастық атынан Baker McKenzie серіктесі, AmCham Цифрландыру комитеті кеңесінің мүшесі Андрей Ёрш, Apple компаниясының Орталық Азия, Армения, Моңғолия бойынша мемлекеттік саясат және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Әділхан Қопабаев, Siemens Kazakhstan компаниясының бас директоры Дияс Асанов және Honeywell компаниясының Орталық Азия елдері бойынша президенті Артур Нигматьянов ұсыныстарын айтты.
Компания өкілдері Цифрлық кодексті іс жүзінде жүзеге асыру, онлайн-платформаларды реттеу, жария «бұлтты» шешімдерді дамыту, дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану, өнеркәсіп процестерін цифрландыру және реттеу тиімділігін арттыру мәселелерін көтерді.
Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов пен мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов пікір білдірді.
Жиын отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық әрі болжамды ел болып қала беретінін атап өтті. Үкімет ел экономикасының цифрлық трансформациясын тереңдетуге ниетті және цифрлық реттеуді жетілдіру, пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инновациялық инфрақұрылымды дамыту және инвесторлар үшін болжамды жағдайлар жасау мәселелері бойынша бизнес-қоғамдастықпен одан әрі өзара іс-қимылға дайын. Жауапты мемлекеттік органдарға айтылған ұсыныстар мен ұсынымдарды зерделеп, оларды жұмыс барысында ескеру тапсырылды.