29 Шілде 2026, 05:18 Фото: depositphotos.com

Apple компаниясының нарықтық құны алғаш рет 5 трлн доллардан асты

Apple акцияларының бағасы биыл шамамен 25 пайызға өскен.

Apple компаниясының нарықтық капитализациясы тарихта алғаш рет қысқа уақыт ішінде 5 триллион доллар межесінен асты. Осы көрсеткішке жеткен әлемдегі екінші компания атанды.

Reuters мәліметінше, 28 шілдедегі сауда барысында Apple акцияларының бағасы өсіп, компанияның нарықтық құны 5,036 триллион долларға жетті. Кейін акция бағасы сәл төмендеп, капитализациясы 4,98 триллион доллар деңгейінде қалыптасты.

Бұған дейін 5 триллион долларлық межеден өткен алғашқы компания – америкалық Nvidia болды. Алайда осы айда Apple Nvidia-ны басып озып, әлемдегі ең қымбат компания мәртебесін қайта иеленді.

Apple акцияларының бағасы биыл шамамен 25 пайызға өскен. Сарапшылар компанияның табысты көрсеткіштерін өнімдерге деген тұрақты сұраныспен, iPhone бағасын ұстап тұру саясатымен және жасанды интеллект саласындағы шығындарды оңтайландыруымен байланыстырады.

Компания жасанды интеллект инфрақұрылымына жаппай инвестиция салатын басқа технологиялық алпауыттардан өзгеше бағыт ұстанып отыр. Apple жаңа сервистерді дамыту үшін сыртқы технологиялық шешімдерді, соның ішінде Google-дың жасанды интеллект технологияларын пайдалануда.

Сарапшылардың пікірінше, Apple-дің тұтынушыға бағытталған стратегиясы компанияның бәсекелік артықшылығын сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар компания АҚШ нарығында құрылғыларды бөліп төлеу және жалға беру бағдарламаларын іске қосты. Жаңа жүйе тұтынушыларға iPhone, Apple Watch, iPad және Mac құрылғыларын ай сайынғы төлем арқылы алуға мүмкіндік береді.

Apple алдағы уақытта үшінші тоқсандағы қаржылық есебін жариялайды. Сарапшылар компания кірісі өткен жылмен салыстырғанда 15 пайыздан астам өседі деп күтуде.