Апатты кәріз желілері жаңартылып жатыр
Павлодар қаласында кәріз желілері салынып жатыр. Коммуналдық инфрақұрылым жобалары «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Мамандардың айтуынша, облыс орталығындағы кәріз желілерінің басым бөлігі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Сондықтан шұғыл түрде алмастыруды қажет етеді. Ресми мәлімет бойынша кәріз құбырларының 3,9 шақырымы тартылады.
Сумен жабдықтаушы кәсіпорын директорының орынбасары Валерий Филяевтың айтуынша, құбыр тарту барысында 50 жыл қызмет етуге қауқарлы материал пайдаланылады.
Елгина-Крылов көшелерінің аумағындағы ағынды коллекторда бір жылда 20-дан астам апат тіркелген. Құбыр жарылып, тұрғындарды әбігерге салды. Өздігінен ағатын кварталішілік канализация желісі сарқынды суларды жинайды. Қазіргі уақытта жұмыстардың жартысы аяқталды. Ал құбыр берік материалдан жасалған. Бұрынғы темірбетон, болат немесе шойын құбырларынан мықты. Оларды тот баспайды және ішінде топырақ жиналмайды. Жобаға 129 млн теңге бөлінді. Біз үшін бұл – маңызды нысан, себебі осы аумақта көпқабатты үйлер, әлеуметтік мекемелер және жекеменшік баспаналар орналасқан. Тағы бір коллектор 1987 жылы салынған және 100%-ға тозған. Сараптамалық кеңес жаңа кәріз желісін салуды шешті, - дейді В. Филяев.
Айта кетейік, сумен қамту желілерінің тозу деңгейі мәз емес. Бүгінгі таңда тозу көрсеткіші 70%-ға жақындаған. Оны азайту үшін жеті жылға шақталған жоспарлар кестесі бар. Жобалар сәтті жүзеге асырылса, инфрақұрылымды 15%-ға жаңартуға болады.
Монополист ұйым «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша жобаларға 3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсайды.