Апатты баспана иелері көмек сұрайды

Атыраудағы Самал ықшамауданының тұрғындары бірнеше жылдан бері үрейде отыр. Бірнеше жыл қатарынан су құбыры жарылып, апатты жағдай орын алғандықтан баспаналары сұрықсыз күйде. Қабырғалары опырылып, құлаудың алдында тұрған үйде үреймен ұйықтауға мәжбүр. Мәселе шешілмесе, үйінді астында қалатындарын айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Алтынбек Саржановтың бұл ықшамауданға қоныстанғанына біраз жыл болған. Жер алып, құрылысқа кіріскен азамат әу баста су құбырынан еш ақау байқамапты. Ал 2019 жылдан бері жер астындағы құбырдан су кететінін көрген. Кейін оның баспананың жағдайына әсер ететінін біліп, жауаптыларға шағымданыпты. Бірақ шенділер мен жауапты компаниядағылар апатты жағдайды ғана жойып, өзге көмек көрсетпепті. 

Үйдің алдындағы су құбырының апатты жағдайда екенін айтып, жауаптыларды 2019 жылдан бері шақырып келе жатырмыз. Сол жылдардан бері мына құбырдан судың ағуы тоқтатылған жоқ. Келген бригада мүшелері жұмыстарына салғырт қарайды. Біз оның қай жерден ағып тұрғанын көрсетсек те, ешқандай нақты жұмыс жоқ. Соның салдарынан 2023 жылдан бастап үйдің қабырғасына су кіріп, бұзыла бастады. Кейін біз сотқа жүгіндік. Бірақ оның пайдасы болған жоқ бізге. Дәлеліміздің бәрін жоққа шығарды. Олар мемлекеттік қызметшілерді қолдады. Қазір үйге сараптама жасалды, үй апатты деп танылды. Тұру қауіпті. Мұнда нәрестелер бар, зейнеткерлер бар. Бір күні құлай ма деп қорқамыз. Түнімен ұйықтаудан қалдық. Түнде әртүрлі дауыс шығады, жардың жарылғаны, бәрі естіліп тұрады. Жерді алған кезде мұндай мәселе туындамаған. Енді қиын жағдайда қалып отырмыз. 2019 жылы біз айтқан уақытта суды тоқтатып, олқылықты реттесе, бәрі дұрыс болар еді, - дейді қала тұрғыны Алтынбек Саржанов.

Бұл көшедегі өзге жеке үйдің иелері де жандарын шүберекке түйіп отыр. Су астындағы құбырдан бәрімізге зиян келеді деп ойлайды. Миллиондарды ешкім өтеп бермейді деген қараша, бұл проблеманы жауаптылар қазірден бақылауға алса дейді. 

Самал ықшам ауданы, 8-інші көше, 6А үйінің тұрғынымын. Шынында да үйдің астынан су кетіп, іргетасы бәрі жарылып жатыр. Оның зардабы бізге де тиіп жатыр. Қазір менің шарбағым құлап жатыр. Мен көпбалалы анамын. Бізде де үлкен қорқыныш бар. Осының өтеуін талап етеміз. Ақшасы төленсін бізге. Қазір қорқып қарап отырмыз күні-түні. Барынша өзіміз бетон құйып, бержағынан топырақ төсеп, солай отырмыз. Бірақ оның пайдасы бола ма, жоқ па белгісіз. Бізге жауаптылардың көмегі керек, - дейді тұрғындардың бірі Зияда Молдашова.

Қаланы сумен қамтуға жауапты компания бұл жағдаймен жақсы таныс. Халыққа бірнеше мәрте көмек көрсеттік дейді. Алайда ол апат болған су желілері магистральді құбырға жатпайды. Жеке құбыр болғандықтан, жұрт өз қотырын өзі қасуы керектігін түсіндірді. 

Самал ықшамауданы тұрғындарының арызына қатысты бізде маусым айында сот аяқталды. Ол тұрғын үйдің жағдайына байланысты өтемақы талап еткен болатын. Сот шешіміне сәйкес, "Атырау су арнасының" еш кінәсі жоқ екені дәлелденді. Апатты жағдайлар магистральді емес, жеке құбырларда болған. Бізге шақыртулар бірнеше мәрте түсті. Барып тексердік, реттеп жүрдік. Алайда біз бұл жұмысқа жауапты қаладағы жалғыз мекеме болғасын ғана көңіл бөлдік. Айтқанымдай, ол құбыр бізге қарамайды, ол жеке дүние. Сол себепті тұрғындар проблеманы өздері шешулері керек, - дейді "Атырау су арнасы" КММ Құқықтық қамтамасыз ету қызмет көрсету бөлімінің басшысы Михаил Пак.

Сараптама қорытындысы самал ықшамауданының тұрғыны Алтынбек Саржановтың үйіне 63 млн теңге шығын келді деп көрсеткен. Бірақ оны ешкім өтеп бермейді. Бұл азаматтың көршілері де шығынға батудан қорқып, үйлерінің маңын өз беттерінше судан сақтауға тырысып бағуда. Шенділер мәселеге араласпаса, апатты үйде күнелтіп жүрген тұрғындар үй-күйсіз қалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы