Ұшақ апаты. Ұшақ соғылған үйге қатысты мәліметтер пайда болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Facebook қолданушысы Қайсар Қауымбек өз парақшасында Алматыда болған ұшақ апатынан қираған үй туралы айтты. 

Оның сөзінше Bek Air ұшағы соқтығысқан үй оның туған жиеніне тиесілі. Үй су, газ болмағаны үшін бірнеше жылдан бері иен тұрған. 

Жиеніме таңертең ауыл әкімшілігінен хабарласып, үй орынында апатты жағдай болғанын айтқанда мүлдем сенбеген. Кейін ватсабына суреттер жібергенде ғана көзі жетті. Оған үйдің құжаттарын алып, штбақа жетуін айтқан. Әлеуметтік желідегі қаралы хабарлардан кейін не істерін білмей сасқалақтап қоңырау шалып "мені шақырып жатыр, бірге барсаңыздар" деді, - деп жазады Қайсар Қауымбек.

Оның сөзінше жұрт қара жамылып жатқан жерге жетіп барудың өзі қиын болған. 

Әрине, біздің де жүрегімізді қан жылатып тұрғаны үй емес, ұшақ апатынан зардап шеккендердің қазасы мен қасіреті. Біз барғанда әуелі жақындатпады. Үй иесінің ағасы екеніміді анықтаған соң ғана ішке жіберді. Бұл кезде Ришаттың айналасында кілең сол жердегі биліктегілер. Журналситерге сұхбат бермеуін, өздері келісіп шешетіндерін қайта-қайта тапсырып, әбден сансыратыпты. Біз қасына барып тұрғанда да олар Ришатты қайта-қайта шақырып әкетіп, мазалап тұрды. Жүздерінде қайғыдан гөрі үрей мен алаң басым. Ал жиенім "Маған батып тұрғаны үйдің қирағаны емес, 15 адам қайтыс болды дейді және бұл жағдай менің үйімнің ауласында болғаны" деп егіліп отыр, - дейді әлеуметтік желі пайдаланушысы. 

Желі пайдаланушының сөзі бойынша «үйіне ұшақ құлаған азамат өтемақы төленбей ме деп қауіптенеді» деп ақапарат тараған. Қаралы елдің ашу-ызасын сол жігітке бұрып жатқанын айтады. 

Марқұмдардың сүйегі суымай тұрып, үйдің иесін төлем ақы туралы әңгімеге тарту журналистикалық этика түгілі адамдық болмысымызға да сын емес пе?! Бұл жағдайда ол да зардап шегуші есебінде. Төлем ақы берілер, берілмес. Оны сол жердегі "уайым-қайғы басып" жүрген әкімдер мен Bek Air компаниясы шеше жатар. Қаралы туымызды жығып, еңсемізді қайта көтергенше бұл екінші мәселе. Марқұмдардың топырағы торқа, жаны жұмақтық болсын! Баршамызға Алла сабыр берсін! - деді Қайсар Қауымбек.

Осы ретте белгілі заңгер Бақытжан Базарбек та Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына осы үйге қатысты ақпаратпен бөлісті. Оның мәліметі бойынша, Талғар ауданының Гүлдала және Альмерек ауылдары арасындағы 150 га жер учаскелері (ұшақ апатқа ұшыраған жер) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер (суармалы ауыл шаруашылық жерлер) және Б. есімді әйелдің жеке меншігінде. 

Бұл жерлер ұшу-қону жолағына жақын орналасқан (бар-жоғы 300-400 метр, тыйым салынған аймақ 3 км). Сондықтан онда тұрғын үй салуға (Жер Кодексінің 97-бабы суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарында тұрғын үй салуға тыйым салады) және мал шаруашылығынмен айналысуға тыйым салынады. Себебі ұшу-қону жолағына жақын жерде ұшақтарға кедергі келтіруі мүмкін қоқыс тастайтын жерлер, ауыл шаруашылығы қоймаларын орналастыруға (құстар ұшып келеді) тыйым салынады, - дейді заңгер.

Оның сөзінше сол аймақта бірқатар тұрғын үйлер заң бұзушылықпен салынған. Олардың қатарында Bek Air ұшағы соқтығысқан үй де бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы