АӨСШК кеңістігінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін механизм қажет – Мемлекет басшысы
Бұл туралы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экологиялық өлшемнің маңызы арта түсті. Климаттың өзгеруі уақыт өткен сайын болжап білуі қиын, әрі зардабы ауыр табиғат апаттарына алып келеді. 2021 жылы Азияда мұндай жағдайлардан 57 миллион адам зардап шекті. 2050 жылға қарай Азия экономикасына осындай табиғи катаклизмдерден келетін ықтимал залал ЖІӨ-нің 26 пайызына дейін жетуі мүмкін. Таяуда Пәкістанда болған жойқын су тасқыны орасан зор гуманитарлық апатқа ұшыратты. Осындай қиын кезде біз Пәкістан халқымен және үкіметімен бірге екенімізді тағы да дәлелдедік. Климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға алып келіп, алапат әрі басқаруға келмейтін миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін, - деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің айтуынша, АӨСШК кеңістігінде шын мәнінде жұмыс істейтін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін механизм қажет.
Азия әлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үштен бірін өндіргенімен, бұл саладағы олқылықтардан әлі де толық арыла қойған жоқ. Біз маңызды өнімдердің ұлттық стандарттарға сәйкестігін бағалаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуіміз керек. Сондай-ақ тауарлардың бұл санаты үшін АӨСШК-ге мүше мемлекеттер арасында «жасыл дәліздер» ашуымыз қажет. Штаб-пәтері Астанада орналасқан азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен АӨСШК арасындағы ынтымақтастықты жолға қою перспективті болмақ. Сонымен қатар елдеріміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін ескере отырып, біз мұқтаж елдерді азық-түлікпен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдай алар едік, - деді Мемлекет басшысы.