АӨСШК. 50-ге жуық делегация келеді

12-13 қазанында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VI саммиті өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоғары деңгейдегі кездесу Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі шақыру туралы бастаманың 30 жылдығына орайластырылады және Қазақстанның төрағалығымен өтеді.

Іс-шараға мүше мемлекеттердің, байқаушы мемлекеттердің, байқаушы ұйымдардың, серіктес ұйымдардың бірінші басшылары, сондай-ақ Қазақстан тарапының қонақтары шақырылды, - делінген хабарламада.

Барлығы 50-ге жуық делегация келеді деп жоспарланып отыр.

Азия Кеңесінің саммиті пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстанда ғана емес, жалпы континентте де аса ауқымды сыртқы саяси оқиғалардың біріне айналады деп айтуға болады. Алдағы Саммит қазақстандық төрағалықтың басты іс-шарасы, оның ішінде біздің төраға ретіндегі екі жылдық жұмысымызды қорытындылаймыз. Саммит барысында бірқатар құжат пен шешімдер қабылдау жоспарланып отыр, - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Іс-шараны дайындау шеңберінде Астана қаласында 10-11 қазанда өтетін Азия Кеңесі Аға лауазымды тұлғалар комитетінің отырысын өткізу көзделген.

Азия Кеңесінің бастамасын Қазақстан 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында алға тартты. Қызметтің негізгі мақсаты мен бағыты Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің көпжақты тәсілдерін әзірлеу арқылы ынтымақтастықты нығайту. Өткен 30 жыл ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі Азия континентінде тұрақтылық пен өркендеуді нығайтудың көпжақты тетігі ретінде іске асырылғанын атап өткім келеді. Құрылған сәттен бастап Азия Кеңесінің құрамы 27 мүше мемлекетке дейін ұлғайып, Азия құрлығының 90% қамтиды, - деді ол.

Мүше мемлекеттер: Әзербайжан, Ауғанстан, Бангладеш, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам, Израиль, Иордания, Ирак, Иран, Қазақстан, Камбоджа, Қатар, Корея Республикасы, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Мысыр, Өзбекстан, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Таиланд, Үндістан, Шри-Ланка.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы