Бүгiн 2026, 13:06 Фото: USA TODAY Network via Reuters Connect

Аңызға айналған "Титаниктің" құтқару кеудешесі рекордтық бағаға сатылды

Аукционда сатылған "Титаник" кемесінен сақталған сирек құтқару кеудешесі бірінші кластағы жолаушы Лора Франкателлиге тиесілі болған. Жәдігер ондаған жыл сақталып, кейін коллекционер қолына өткен.

"Титаник" круиздік лайнерінің жолаушысына тиесілі құтқару кеудешесі аукционда 715 мың долларға (шамамен 270 миллион теңге) сатылды. Бұл туралы The Daily Telegraph басылымына Henry Aldridge & Son аукцион үйі хабарлады.

Аукцион үйінің мәліметінше, бұл – Атлант мұхитында апатқа ұшыраған кемеден сақталып қалған санаулы құтқару кеудешелерінің бірі. Ол алғаш рет Англияның Уилтшир графтығындағы Дивайзис қаласында өткен саудаға қойылған.

Фото: ZacharyCulpin/BNPS

Басылым дерегіне сәйкес, кеудеше бірінші кластағы жолаушы Лора Мэйбл Франкателлиге тиесілі болған. Ол "Титаник" айсбергпен соқтығысқаннан кейін құтқару қайығына мінер сәтте осы кеудешені киген. Кейін әйел қайықтағы басқа тірі қалған жолаушылармен бірге кеудешеге өз қолтаңбасын қалдырған. Франкателли "Титаник" апатынан аман қалған кезде 22 жаста болған.

Франкателлидің отбасы бұл жәдігерді ондаған жыл бойы сақтап келген, кейін оны жеке коллекционер сатып алған.

Фото: HenryAldridge&Son/BNPS

Кеудешеден бөлек, аукционда Франкателли басқа жолаушылармен бірге құтқару қайығында түскен газеттегі фотосурет және оның апатты сипаттап жазған хатының фотокөшірмесі де сатылған.

Еске салсақ, "Титаниктен" аман қалған жолаушының хаты аукционда рекордтық бағаға сатылғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, "Титаник" суға батқан соң табылған алтын сағат та рекордтық бағаға сатылған.