16 Шілде 2026, 13:39
Фото: ©BAQ.KZ архиві
Әнұран мәтінінен қате табылды: Қазақстан соты мәлімдеме жасады
Көрнекі стендте әнұран мәтінінде әріп қателері болған.
Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облыстық соты ғимаратының 1-қабатында орналасқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны жазылған стендте «Р» және «Т» әріптері қате жазылғаны туралы ақпарат таралуда.
Осыған қатысты Маңғыстау облыстық соты ресми мәлімдеме жасады.
Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Анықталғандай, белгісіз тұлғалар стендке жабыстырылған әріптердің орнын қасақана ауыстырып, жалған ақпарат таратуға негіз болған. Аталған дерек бойынша барлық материал құқық қорғау органдарына жолданды. Оқиғаның мән-жайын анықтау, кінәлі тұлғаларды белгілеу және оларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тарту үшін тиісті шаралар қабылданады. Жалған ақпарат таратуға, мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік танытуға немесе қоғамды жаңылыстыруға бағытталған кез келген заңсыз әрекет құқықтық бағасын алады, - деп хабарлады Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Соттың баспасөз қызметі, оқырмандар мен әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми және нақты ақпаратқа сүйенуге, оның шынайылығына көз жеткізбей жалған мәліметтерді таратпауға шақырады.