Антын бұзғандарды қатаң жазалаймыз, тіпті үлгі ретінде соттаймыз – ІІМ
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Ішкі істер министрлігінде өткен көшпелі Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке учаскелік инспекторлар арасындағы заңбұзушылықтар жөнінде сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, өңірлерде пара алу, зорлық-зомбылық пен адам өлтіруге дейінгі сорақы жағдайлар тіркеліп отыр.
Ақтөбеде учаскелік инспектор миллион теңге талап еткен. Солтүстік Қазақстан облысында біреуі алаяқтық үшін сотталған. Жетісуда 24 миллион теңге көлеміндегі айғақ заттарды ұрлаған. Шымкентте боди-массаж салонын «қорғаған». Батыс Қазақстан облысында әріптесін ұрып-соққан, ал Қарағандыда полиция пунктінен қыздың мәйіті табылды, жанында ес-түссіз жатқан учаскелік инспектор болған. Осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін не істеліп жатыр?, – деді Бақытжан Базарбек.
Министр Ержан Сәденов бұл мәселенің бар екенін және оның жүйелі себептері бар екенін мойындады.
Өкінішке қарай, әрбір полиция қызметкері өз антына адал емес, оның ішінде учаскелік инспекторлар да бар. Сіз келтірген фактілер рас. Бұл – ауыр жағдай, – деді министр.
Оның айтуынша, негізгі себептердің бірі 2018 жылы полицейлік бакалавриатты жою туралы шешім қабылдануы болған.
Жыл сайын біз полицияға шамамен 6 мың қызметкер қабылдаймыз. Себебі белгілі бір кезеңнен кейін адамдар зейнетке шығады. Сондықтан қайта толықтыру қажет. Бізде 4 академия, қазір 5 академия, 1 институт және 2 оқу орталығы бар. Олар бұрын курсанттарды кәсіби офицерлерді дайындайтын. Төрт жыл бойы полицейлік құқықты оқып, қызмет тәсілдерін үйренетін. 2018 жылы бакалавриат жойылып, жыл сайын тек 200-дей ғана офицер дайындалды. Қалғандары жай жоғары оқу орындарын бітірген азаматтар болды. Оларды бір-екі айлық қайта даярлық курстарынан өткізіп, полицияға айналдыру мүмкін емес, – деді Сәденов.
Министрдің айтуынша, ведомство президентке толыққанды дайындық жүйесін қалпына келтіру қажеттілігі туралы баяндаған. 2028 жылдан бастап ІІМ академиялары жыл сайын әртүрлі бағыттағы мыңнан астам офицер, учаскелік инспекторлар, тергеушілер, жедел уәкілдер дайындайды. 2031 жылға қарай жыл сайынғы түлектер саны 1800 маманға дейін жеткізілмек.
Біз ол кезде қателік жібергенімізді түсінеміз. Қазір тәлімгерлік институтын күшейттік, Ардагерлер мен генералдарды тарттық, офицерлік жиындар өткізіп жатырмыз. Антын бұзғандарды қатаң жазалаймыз, тіпті үлгі ретінде соттаймыз. Полиция мен қылмыс – үйлеспейтін ұғымдар, – дейді Сәденов.