Антиковидті препараттардың бағасы төмендеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
ДСМ Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бірлескен жұмысының қорытындысы бойынша коронавирус инфекциясына қарсы препараттар үшін шекті бағаларды қалыптастырудың ерекше тәртібі көзделген.
Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин кезінде қолданылатын шекті бағаларды қалыптастырудың ерекше тәртібі бойынша көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін маркетингтік шығыстарсыз, үстеме бағалардың регрессивті шкаласына сәйкес дәрілердің тізімі ДЗСҰО-ға жіберіледі.
Бұл тізімдегі дәрілік препараттар халық арасында үлкен сұранысқа ие болғандықтан көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін 30% мөлшеріндегі маркетингтік шығыстар алынды. Сондай-ақ көтерме және бөлшек үстеме баға екі есе төмендетілді: егер бұрын көтерме үстеме баға 20%-ға дейін жеткен болса, онда антиковидті препараттар үшін тиісінше 10%-ға дейін, егер бөлшек үстеме баға 55%-ға дейін жеткен болса, антиковидті препараттар үшін - 27%-ға дейін. Мысалы Кардиомагнил 75 мг №30, 75 мг №100, 150 мг №30 препараты үшін бөлшек үстеме баға 22,5% құрайды, ал Кардиомагнил 75 мг №100 препараты үшін -17,5%.
Осылайша барлық антиковидті препаратқа арнайы тәртіп қолданылады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің деректері бойынша антиковидті препараттардың бағасы нарықтық бағалармен салыстырғанда 27%-ға төмендеді. Бұл шаралар халықтың «қалталы» шығындарын азайту және антиковидті препараттарға қатысты түрлі алыпсатарлықты болдырмау мақсатында іске асырылды, - делінген ведомство хабарламасында.
Дәрілік заттарды белгіленген шекті бағадан қымбат сату әрекеті үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 426-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қазақстан аумағында дәрілік заттардың бағаларын реттеу жөніндегі өкілеттіктер Денсаулық сақтау министрлігіне жүктелген.
Сонымен қатар қазақстандықтар Dari.kz мобильдік қосымшасының көмегімен дәріханалардағы қандай да бір препараттың бағасын өз бетінше бақылай алады, ал бағаларда алшақтықтар анықталған жағдайда арнайы нысанды толтырып, шағым қалдыруға мүмкіндік бар.
Дәрілік заттардың емдік қасиеттері оригинал препаратпен бірдей болып келетін аналогтары болады. Мысалы кардиомагнил препаратының (белсенді заты ацетилсалицил қышқылы) 23 аналогы, ибупрофеннің (белсенді заты бар ибупрофен) 56 аналогы, сумамедтің (белсенді заты азитромицин) 50 аналогы, ксарелтоның (белсенді заты ривароксабан) 4 аналогы, клексанның (белсенді заты натрий эноксапарин) 2 аналогы бар.