Антикор жол құрылысы саласына жемқорлық тәуекелдері бойынша талдау жүргізеді

Мемлекет басшысының жол саласындағы жемқорлықты жою жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Көлік министрлігі жол құрылысы саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне бірлескен сыртқы талдау жүргізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ағымдағы жылдың 10 маусымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали мен Көлік министрі Марат Қарабаев бірлескен кеңесте талдау барысында шешілуі қажет өзекті мәселелер мен міндеттерді талқылады.

Соңғы 3,5 жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 64 жемқорлық құқық бұзушылықты тіркеп, 70 адамды әшкереледі, 38 адам сотталды. Залал сомасы 8,8 млрд теңгені құрады.

Негізінен қылмыстар парақорлық, жымқыру, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілерімен байланысты.

Жол жұмыстары сапасының төмендігі құрылыстың барлық кезеңдерінде (бюджеттік жоспарлау, жобалау, сметалық жоспарлау, жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасы, техникалық қадағалау, қабылдау, пайдалануды бақылау) жүйелі жемқорлық тәуекелдерімен байланысты.

Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жол саласына бөлінген барлық қаражатты жоспарлау және жұмсау үдерістері зерделеніп, жол құрылысының халықаралық тәжірибесін, атап айтқанда, Гонконг, Сингапур, Қытай тәжірибесін зерделеуге ерекше назар аударылатын болады. Талдау нәтижелері бойынша жол құрылысының барлық кезеңдерінде жемқорлық тәуекелдерін жою және жолын кесу күтілуде. Ғылыми қауымдастықпен бірлесіп құрылыстың жаңа технологияларын енгізу тетіктері әзірленіп, ұсынылатын болады,-  деп атап өтті Асхат Жұмағали.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жол құрылысы саласындағы қалыптасқан жағдайды өзгерту бойынша кешенді шараларды белгіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
Өзгелердің жаңалығы