Антикор жемқорлыққа қарсы ынтымақтастықты күшейтуде
Душанбеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ТМД мемлекетаралық кеңесінің 9-шы отырысы шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалидің ТМД елдерінің құқық қорғау органдарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәселен, А. Жұмағали Ресейдің Бас Прокуроры И.В. Красновпен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуде ақпараттық технологияларды іс жүзінде қолдану, криптовалютаны жемқорлық мақсатында пайдалану, жемқорлықтың алдын алуда жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ заңсыз активтерді қайтару мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ақшаны жылыстату және деректер базасы арқылы кірістерді мониторингілеу кезінде қылмыстарды тергеу, цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, жемқорлықтың алдын алудағы сыбайлас жемқорлық схемалары мен тәуекелдерді анықтау, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы ведомстволардың қызметкерлерін оқыту кезінде тәжірибе алмасу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
Тәжікстанның Мемлекеттік қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің директоры С.С. Сұлтонзода мырзамен кездесуде жемқорлықтың алдын алу, адамдарды іздестіру, активтерді қайтару, қылмыстық істер бойынша жекелеген тапсырмаларды орындау, жемқорлықтың жолын кесуде озық құралдарды қолдану бойынша екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, Мемлекетаралық кеңес отырысы аясында Асхат Жұмағали Өзбекстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің директоры А.Э. Бурхановпен және Ресейдің Қаржы мониторингі жөніндегі федералды қызметінің директоры Ю. А. Чиханчинмен екіжақты кездесулер өткізді.
Басым бағыттар бойынша өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, оның ішінде ақша қозғалысын мониторингтеу, жедел ақпарат алмасу және заңсыз активтерді анықтау кезінде қаржылық барлау құралдары мен цифрлық шешімдерді пайдалану талқыланды.
Екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша 2025-2026 жылдарға арналған өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен жоспарлар мен бағдарламаларға қол қойылды.
Агенттік жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы одан әрі халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жұмысты жалғастыруда.