Антикор спорт министрлігін тексерді. Қандай былықтар шықты?

Антикор министрлікпен бірігіп, спорт саласына кететін қаржы көздерін тексерді. Бұл туралы Антикордың дәстүрлі брифингінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің ресми өкілі Данияр Бегайдаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Агенттік туризм және спорт министрлігімен бірлесіп спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Орталық деңгейде талдау Туризм және спорт министрлігінің қызметінде, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармаларында өңірлік деңгейде жүргізілді. Талдау арқылы мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына ықпал ететін елеулі жемқорлық тәуекелдері анықталды, - деді Данияр Бегайдаров.

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, 16 өңірде еңбекақы төлеу қоры, іссапар шығындары, жалған спорттық іс-шаралар және т.б. бойынша бюджет қаражатын жымқыру белгілері бар фактілер анықталды.

Жыл басынан бері аталған салада, оның ішінде осы фактілер бойынша 64 қылмыс тіркелді, мемлекетке келтірілген залал 1,6 млрд теңгеге жеткен. Бүгінгі таңда 23 адам сотталды, 548 млн теңге болатын мүліктің орны өтелді және тыйым салынды. 17 өңірде жаттықтырушылық-оқытушылық және спорттық қызметті жүзеге асырған тұлғалардың жалған дипломдарды пайдалануының 260-тан астам фактісі (265) анықталды. Барлық материалдар полиция органдарына берілді. 188 адаммен еңбек шарттары бұзылды, - деді ол.

Сондай-ақ Бегайдаров 5 өңірде спорт объектілері тиімсіз басқарылғанын айтады.

Талдау нәтижелері бойынша бірқатар нысан мемлекет меншігіне қайтарылды. Мәселен, Атырау облысында «Мұз сарайы» (ауданы 6 мың шаршы метр) спорт нысаны коммуналдық меншікке қайтарылды. Ол 2018 жылы «Байбарыс-Атырау» хоккей клубының басқарушысы –жеке кәсіпкерге негізсіз берілді. Осыған ұқсас, Алматы қаласында бұрын мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде өтеусіз негізде жеке ұйымның басқаруында болған «Халық Арена» және «Алматы Арена» құрылыстары (жер учаскесінің ауданы 15,9042 га, үй-жайлардың ауданы 136 112,7 ш.м.) коммуналдық меншікке қайтарылды. Батыс Қазақстан облысында жеке ұйымның сенімгерлік басқаруындағы футбол алаңы бар стадион мемлекеттің меншігіне қайтарылды.

Шымкент қаласында 7 жыл бұрын 128 млн теңгеге сатылған «Мұз сарайы» спорт кешенінің үлесі (67%) мемлекет меншігіне қайтарылды. Жамбыл облысында 2017 жылы жекешелендірілген және жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылған «Айша бибі» су полосы бойынша клуб мемлекет меншігіне өтті (клубтың меншік нысаны КММ-ге қайтарылды). Сондай-ақ, жалған құжаттар негізінде Спорттық атақтар беру фактілері анықталды, - деді Антикордың ресми өкілі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Алдыңғы жаңалық
Перизат Қайрат кім
Өзгелердің жаңалығы