Антикор Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты ақпаратқа түсініктеме берді
Агенттік БАҚ және әлеуметтік желіде тараған ақпарат бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жекелеген азаматтар желіде «Double Tree by Hilton Almaty» қонақ үйін Қ.Сатыбалдыұлымен қоса адамдар тобының иемдену әрекеттері туралы ақпарат жариялады. Сотталған Қайрат Сатыбалдыұлы қылмыстық-атқару жүйесінің тиісті мекемесінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатыр. Бұл ретте оған қатысты салықтарды төлемеуге және қылмыстық кірістерді заңдастыруға байланысты қылмыстардың басқа эпизодтары бойынша тергеу жалғасып жатыр, - деп мәлімдеді Антикор.
Олардың айтуынша, тергеу барысында заңсыз шығарылған активтерді, сондай-ақ қылмыстық қаражатқа сатып алынған мүлікті қайтару бойынша шаралар қабылданады.
Осыған байланысты Сатыбалдыұлына залалды өтеу мақсатында бизнес орталықтар, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық үй-жайлар, үйлер, пәтерлер, аяқталмаған құрылыс объектілері, жер учаскелері, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс автомашиналар мен ақшалай қаражат мемлекетке беріледі. Олардың қатарына 2021 жылдың қараша айында Сатыбалдыұлымен байланысты кәсіпорын сатып алған «Double Tree by Hilton Almaty» қонақ үйі кіреді. Қазіргі уақытта осы объектіні мемлекет меншігіне қайтару аяқталуда. Азаматтарды жалған ақпарат таратуға жол бермеуге шақырамыз.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты, журналист Мақсат Толықбай сотталған кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыұлының қамауда отырған кезінде 6 млрд теңгеге сатып алу-сату мәмілесін жасағанын айтты.