Антикор «Астана банкінің» бұрынғы акционерін жауап алуға шақырады

Антикор «Астана Банкі» АҚ бұрынғы акционерін жауап алуға шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігі «Астана Банкі» АҚ бұрынғы мажоритарлық акционері Олжас Тоқтаровқа және өзге де тұлғаларға қатысты банк активтерін жалған агенттік қызметтер көрсету және бақылауындағы «SKK Tennasy Group» ЖШС пайдасына Алматы қ., Қобдолов к-сі 22 «Б» бизнес-орталық ғимаратын заңсыз иеліктен шығару арқылы аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде.

Қазіргі уақытта тергеу нәтижесінде ауыр қылмыс жасауда жиналған дәлелдемелер күдікті О. Тоқтаровтың әрекеттерін ҚР ҚК 28-б. 3-б., 189-б. 4-б. 2-т. және 189-б. 4-б. 2-т. бойынша саралауға мүмкіндік берді.

ҚПК-нің 208-бабының 1-бөлігіне сәйкес күдікті жауап алуға шақыру қағазымен шақырылады.

Алайда, күдікті О. Тоқтаровтың Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуына және келуден жалтаруына байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚПК-нің 205-бабының 3-бөлігін басшылыққа ала отырып, күдіктіні шақыру туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

Күдікті О. Тоқтаровқа жауап алу және іс-әрекеттердің саралануы туралы қаулыны жариялау үшін 2024 жылғы 26 қыркүйекте сағат 11:00-де Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 19, «Б» блогы мекенжайында орналасқан Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік ғимаратына жедел-тергеу тобының басшысы Ж. Өтепқалиевке келу қажет.

Күдікті тергеу әрекеттеріне қатысу үшін қорғаушыны дербес шақыруға не қылмыстық процесті жүргізуші органның қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету туралы өтінішхат беруге құқылы (ҚР ҚПК 68-бабы).

Егер қорғаушыны күдікті немесе оның заңды өкілдері, сондай-ақ олардың тапсырмалары бойынша басқа адамдар шақырмаса, қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган қамтамасыз етеді (ҚР ҚПК 67-бабы).

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов -архив
Өзгелердің жаңалығы