Антикор 2 140 қылмыстың бетін ашты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы агенттіктің Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов «AntikorNews» барысында айтты.
Агенттіктің автокөлік жолдарының сапасын қамтамасыз етуге бағытталған «Сапалы жол» жобасы жөндеу сметаларына салынған 13,8 млрд теңгені үнемдеді.
Әкімдіктермен бірлескен мониторинг аясында оқушыларды қашықтықтан оқытуға компьютерлер сатып алуда 3,6 млрд теңге үнемделді. Мемлекеттік сатып алуға жүргізілген кешенді мониторинг биылғы 9 айда 13,5 млрд теңгені, тек қыркүйек айында – 6 млрд теңгені тиімсіз пайдаланудың жолын кесті, - деді ол.
Ол атағандай, талдау превенциясының нәтижесінде 32,7 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделді.
Мұның бәрі кабинеттен шықпай, қылмыстық-құқықтық құралдарды қолданбай іске асырылды.
Агенттік қазіргі таңда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне талдау жүргізуде. Оның қорытындысы бойынша әкімшілік шығындарды оңтайландыру және жүйелі жемқорлық тәуекелдерін жою күтілуде.
Өткен 9 айдағы жұмыс қашықтықтан жүргізілсе де, керісінше жемқорлыққа қарсы онлайн-ағартуды дамытуға серпін берді.
Ақпараттық-ағарту штабтары, жобалық кеңселер әлеуметтік желілерде күн сайын «AntikorLive» және «Adal kómek» жобалары арқылы 4,5 млн қаралымды қамтамасыз етті. Антикордың жедел-тергеу жұмысы бойынша есептік кезеңде 2140 қылмыс тіркелді, - деді ол.
Жақсымбетовтың айтуынша, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары 15%-ға артты, жүйелі жемқорлықтың 102, бизнес істеріне заңсыз араласудың 154 фактісінің жолы кесілді.