Антибиотикке тәуелді қоғам: төзімділік мәселесі неге ушығып барады?

XXI ғасыр – медицинаның қарыштап дамыған кезеңі. Диагностикадан бастап, күрделі операцияларға дейінгі мүмкіндіктер кеңейді. Бірақ осы жетістіктермен бірге адамзат әлі толық бағамдап үлгермеген аса қауіпті мәселе күшейіп келеді. Ол – антибиотикке төзімділік.

Бұл құбылыс бүгін тек дәрігерлерге ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ қауіп болып отыр. Өйткені антибиотикке төзімділік күшейген сайын, қарапайым аурудың өзі емге көнбей, адам өміріне тікелей қатер төндіруі мүмкін. Жаңа құбылыс туралы BAQ.KZ тілшісі тарқатып көрді.

Дүниежүзі бойынша жыл сайын 154 миллион антибиотик дозасы қолданылады. Оның 30 пайызы қажетсіз. Бұл – төзімділік дағдарысының негізгі факторларының бірі.

Антибиотик неге әсер етпейді?

Вирустар мен бактериялардың үнемі мутациялануы – табиғи құбылыс. Сондықтан антибиотик әрдайым көмектесе бермейді.

Қазақстанда антимикробтық препараттарға төзімділік салдарынан жыл сайын 100 мың адамның ішінде 50–60 адам қайтыс болады. Инфекцияны емдеу қиынға түсуі немесе мүлдем мүмкін болмайтын жағдайлар бар. Өйткені ауру қоздырғышы препараттарға бейімделіп алған.

Сарапшылардың айтуынша, кейбір науқастарда белгілі көптеген антибиотиктерге сезімталдық нөлге жақын деңгейге дейін төмендеген.

Туберкулезді емдеуде көрінетін күрделі проблема

ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының төрағасы Ерік Байжүнісовтің айтуынша, антибиотикке төзімділік бүгінде жаһандық мәселеге айналып отыр.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы антибиотикке төзімділіктің ең ауыр салдары туберкулезді емдеуде айқын көрінетінін айтты.

Бұл емнің нәтижесіз қалуына әкеледі. Әсіресе туберкулез кезінде анық байқалады. Сондықтан бұл шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін жаһандық мәселе. Әлемдік фармацевтика микробтардың мутациясына ілесе алмай отыр, - дейді Ерік Әбенұлы.

5 млн адам зардап шегуде

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Елдік офисінің "Бірыңғай денсаулық" тәсілін интеграциялау жөніндегі консультанты Абзал Жұмағали антибиотикке төзімділік мәселесі әлемдік деңгейде күннен-күнге күрделеніп келетінін алға тартты.

Антибиотикке төзімділік – жаһандық проблемалардың біріне айналды. ДДСҰ деректеріне сүйенсек, әлемде 5 миллионға жуық адам осы төзімділіктің зардабын көріп жатыр. Бұл мәселені халыққа кеңінен түсіндіруіміз қажет. Антибиотикке төзімділікті тек денсаулық сақтау саласында емес, тағам қауіпсіздігі, экология, ветеринария сияқты салалармен қатар қарастыру қажет. Сонда ғана біз бұл дағдарысты тежей аламыз, – деді Абзал Жұмағали.

Оның сөзі антибиотикке төзімділікпен күресте "Бірыңғай денсаулық" тұжырымдамасының маңызын нақты көрсетеді.

Антибиотикті кімдер көп қолданады?

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының дерегі бойынша, антибиотиктерді ең жиі қолданатын жас тобы, еңбекке нағыз қабілетті – 25–40 жас аралығы.

Қазақстандағы негізгі проблемалар:

  • антибиотиктің рецептісіз сатылуы,
  • микробиолог және басқа да бейінді мамандардың тапшылығы.

Мемлекет эпидемиологиялық қадағалауды күшейту үшін "Бір денсаулық" тұжырымдамасын енгізуді, антибиотиктерді ұтымды пайдалану әдістемесін әзірлеуді қолға алып жатыр.

Өзін-өзі емдеу – қауіпті әдет

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары, эпидемиолог Манар Смағұл халық арасында өзін-өзі емдеудің тым жиілегенін айтады.

Қазір, өкінішке қарай, өзімізді өзіміз емдеуге бейімбіз. Соның ішінде антибиотикті орынсыз қолдану көп. Вирустық инфекция кезінде антибиотиктің пайдасынан зияны көп. Себебі кейін бактериялық жұқпа болса, антибиотик әсер етпеуі мүмкін. Сондықтан кез келген дәріні тек дәрігердің кеңесімен қабылдау керек, – дейді эпидемиолог дәрігер.

Антибиотикке төзімділік – әлеуметтік сын-қатер

Клиникалық фармаколог дәрігер Шолпан Қалиеваның айтуынша, антибиотикке төзімділік бүгінде тек әр елдің денсаулық сақтау жүйесіне ортақ жаһандық проблема ғана емес.

Антибиотикке төзімділік – әлеуметтік сын-қатер. Сондықтан оған қарсы күресті тек бірігіп жүргізуіміз қажет. Бұл саяси да, мемлекеттік те маңызды шешім, сондай-ақ осы мәселеге мүдделі барлық тараптың ортақ күші. Антибиотикке төзімділікті тежеу саясатын қалыптастыруда мүдделі тараптар өте көп. Олар қазір жұмыс істеп те жатыр, әрі бұл бағыттағы жұмысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың қолдауымен одан әрі жалғастыра береді. Бұл – біздің республика үшін аса маңызды мәселе. Себебі бүгінде антибактериялық препараттардың тиімділігінің төмендеуін, стационарларда дәрі тиімді болмағандықтан болатын өлім-жітімнің артып жатқанын көріп отырмыз, - дейді дәрігер.

Пайымдауынша, егер біз бұл бағытта бірлесіп, ұлттық деңгейде нақты шаралар қабылдамасақ, 2050 жылға қарай бактериялық инфекциялардан болатын өлім көрсеткіші одан әрі көбеюі мүмкін.

Антибиотик тағам арқылы да ағзаға түсуі мүмкін

Азық-түлік қауіпсіздігін зерттеумен 10 жылдан бері айналысып келе жатқан ғалым Лаура Аутелеева аграрлық сала мамандары да антибиотикке төзімділікке алаңдаулы екенін жеткізді.

Жануарлар да, аралар да ауырады. Антибиотик қалдықтары азық-түлікте қалуы мүмкін. Сондықтан мемлекет бақылауды күшейтіп, өндірушілер барлық санитарлық талаптарды сақтауы тиіс. 021 техникалық регламент антибиотик қалдықтарының тізімін кеңейтті. Бірақ зертханалық базаны күшейту қажет, – дейді сарапшы.

Сепсис: антибиотикке төзімділіктің ең қауіпті салдары

ҚР ПІБ Медицина орталығының жоғары санатты дәрігері Раушан Қарабаева пандемиядан кейін сепсис жағдайлары күрт артқанын атап өтті.

Әсіресе коронавирус пандемиясынан кейін сепсис жиілеп кетті. Бұл антимикробтық препараттарды орынсыз қолдану және иммунитеттің әлсіреуімен байланысты. Уақытында тоқтатылмаған қарапайым қабыну септикалық жағдайға өтеді. Бұл – өмірге тікелей қауіп төндіреді, - дейді дәрігер.

Сепсис тек хирургияда ғана емес, терапиялық бөлімшелерде де жиі кездесетіні анықталған. Сондықтан бұл мәселе эпидемиолог, микробиолог, инфекционист және интенсивист мамандардың назарында болуға тиістігін атады.

Антибиотик тек рецептпен берілуі тиіс

2020 жылғы Денсаулық сақтау министрлігінің қағидасы бойынша антибиотик тек рецептпен және қатаң бақылаумен босатылады.

Министрліктің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше:

  • рецептісіз сату фактілері тіркелсе, ӘҚБтК-нің 426-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген;
  • қажет болса, фармацевтикалық қызмет уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Бұл шара өзін-өзі емдеу мен препараттарды орынсыз қолдануды шектеуге бағытталған.

Саналы қолдану – қауіпсіз медицина

Антибиотикке төзімділік – адамның, жануардың және қоршаған ортаның ортақ дағдарысы.

Оны тежеудің жалғыз жолы:

  • антибиотиктерді тек қажетті кезде қолдану;
  • дәрігердің нұсқауын орындау;
  • қоғамдық түсіндіру жұмыстарын күшейту;
  • заңды талаптарды қатаң сақтау;
  • "Бір денсаулық" қағидатын енгізу.

Егер әр азамат саналы жауапкершілік танытса, антибиотик дәуірін сақтап қаламыз. Ал бейғамдық танытсақ, болашақта қарапайым инфекцияның өзі емге көнбеуі әбден мүмкін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы