22 Қараша 2026, 01:29 Фото: yenisafak.com

Антальядағы климаттық саммитте елдер ортақ шешімге келе алмады

Келіссөздердегі басты келіспеушілік – мұнай, газ және көмірді пайдалануды қысқарту мәселесі.

Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның COP31 климаттық саммитінде елдер жаңа жаһандық климаттық келісімге келе алмай, келіссөздер белгіленген мерзімнен 24 сағаттан астам уақытқа созылды, деп хабарлайды ВВС.

Келіссөздердегі басты келіспеушілік – мұнай, газ және көмірді пайдалануды қысқарту мәселесі. Франция мен Панама бастаған бірқатар елдер қорытынды келісімде қазба отындарына сұранысты азайту туралы міндеттеменің болмауына қарсылық білдірді. Олар бұл мәселені келісім мәтініне енгізуді талап етті. Алайда Сауд Арабиясы бастаған мұнай өндіруші мемлекеттер мұндай ұсынысты қолдамады.

Панаманың қоршаған ортаны қорғау министрі Хуан Карлос Наварро қазба отындары туралы айтылмайтын климаттық келісімді қабылдауға болмайтынын мәлімдеді. Францияның экологиялық көшу министрі Моник Барбу да көмірқышқыл газын ұстау және сақтау технологияларын мұнай мен газды өндіруді жалғастыруға сылтау ретінде пайдалануға қарсы шықты.

Саммитте тағы бір маңызды мәселе – дамушы елдерге климаттың өзгеруіне бейімделу үшін қаржылай қолдау көрсету. Африка елдері бұл бағыттағы қаржыландыруды арттыруды талап етуде. Бұған дейін келісім жобасында 2035 жылға қарай бейімделу шараларына бөлінетін қаржыны 120 миллиард долларға дейін жеткізу ұсынылғанымен, кейін бұл тармақ құжаттан алынып тасталған.

Гананың қоршаған ортаны қорғау министрі әрі Африка келіссөздер тобының төрағасы Занетор Агьеман Роулингс дамушы елдер көмек сұрап емес, климаттың өзгеруінен зардап шеккен халыққа тиесілі қолдауды талап етіп отырғанын айтты.

Сонымен қатар келіссөздерге жетекшілік еткен Австралияның климаттың өзгеруі және энергетика министрі Крис Боуэн саммиттің негізгі мақсаты жаңа міндеттемелер қабылдаудан гөрі, бұрынғы келісімдерді жүзеге асыру және таза энергияға көшуді жеделдету екенін атап өтті.

Айта кетейік, биыл алғаш рет күн энергетикасы мұнай мен газдан озып, әлемдегі энергия сұранысының өсімін қамтамасыз ететін негізгі көзге айналды. Соған қарамастан, қазба отындарынан бас тарту мәселесі халықаралық деңгейде әлі де үлкен келіспеушілік туғызып отыр.

Климаттық келіссөздердің созылуына байланысты бірқатар елдің делегациялары кері қайту рейстерін жексенбіден дүйсенбіге ауыстырды. Ал экологиялық ұйымдар саммит барысын сынға алып, оны климат жөніндегі ең сәтсіз конференциялардың бірі деп бағалады.