Кеше 2026, 20:47 Фото: Anadolu Agency

Анталия жағалауында қайық апатынан 14 адам қаза тапты

Жағалау күзеті қолбасшылығының бөлімшелері мен жандармерия іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Түркияның Анталия провинциясына қарасты Демре ауданы жағалауында тоқтау туралы талапқа бағынбай қашуға әрекет жасаған қайықтың жағалау күзетінің катерімен соқтығысуы салдарынан 14 заңсыз мигрант қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ  Anadolu агенттігіне сілтеме жасап. 

Бұл туралы Анталия губернаторы Хулуси Шахин 9 наурыз, дүйсенбі күні өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, таңғы сағат шамамен 06:00-де Демре ауданына қарасты Беймелек шағынауданы жағалауында ауғанстандық заңсыз мигранттар отырған қайық анықталған. Олардың арасында әйелдер мен балалар да болған.

Шахиннің айтуынша, жағалау күзеті тоқтау туралы талап қойғанымен, қайық қашуға тырысқан. Жоғары жылдамдықпен жасаған маневр кезінде ол жағалау күзетінің катерімен соқтығысқан.

Мигранттардың бір бөлігі теңізге құлап кеткен. Қайықта қалғандардың кейбірі жағалауға өздері жеткен, олардың жағдайы шұғыл медициналық көмекті қажет етті. Жағаға шыққан 14 заңсыз мигрантты жандармерия бөлімшелері ұстап алды, – деді губернатор.

Шахиннің сөзінше, тағы 7 мигрантты жағалау күзеті қызметкерлері судан тірідей алып шыққан. Оларға жедел жәрдем бригадалары алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Оқиға салдарынан суға батып қаза болған 14 адамның мәйіті табылғанын өңір басшысы хабарлады.

Жағалау күзеті қолбасшылығының бөлімшелері мен жандармерия құрлықтан, теңізден және әуеден іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Оқиға бойынша прокуратура сотқа дейінгі тергеуді бастады, ал Анталия губернаторының әкімшілігі әкімшілік тексеру жүргізіп жатыр, – дейді ол.