Анталия – Астана рейсінде жанжал шығарған мас жолаушы 10 тәулікке қамалды
Көлік полициясы ұшақ бортындағы тәртіптің сақталуы барлық жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі үшін маңызды екенін атап өтті.
Анталиядан Астанаға ұшқан ұшақ бортында жанжал шығарып, полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған 44 жастағы ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Оқиға ұшу аяқталмай тұрып болған. Алкогольдік ішімдік ішкен жолаушы өзін агрессивті ұстап, балағат сөздер айтып, басқа жолаушыларға кедергі келтірген.
Ұшақ Астана әуежайына қонғаннан кейін ер адам көлік полициясының қызметкерлеріне тапсырылды. Тексеру барысында оның елорда тұрғыны екені анықталған.
Алайда полицияға жеткізу кезінде де ер адам жанжалын жалғастырып, қызметкерлердің заңды талаптарын орындаудан бас тартқан. Осыдан кейін тәртіп сақшылары оған кісен салуға мәжбүр болған.
Тергеу материалдары бойынша ер адамға қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені немесе мас күйінде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілік қолданылды. Сонымен қатар ұсақ бұзақылық және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау фактілері бойынша материалдар сотқа жолданды.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Көлік полициясы ұшақ бортындағы тәртіптің сақталуы барлық жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі үшін маңызды екенін атап өтті.
Әуе кемесі бортындағы тәртіпті сақтау – ең алдымен барлық жолаушы мен экипаждың қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Экипаждың жұмысына кедергі келтіретін немесе айналасындағыларға қауіп төндіретін кез келген әрекеттің салдары ауыр болуы мүмкін, – деп ескертті көлік полициясы.